Өзінің құрылыс компаниясынан алданып қалғанын айтқан елорда тұрғыны Ольга Цветкова суицид жасайтынын кеше 4 шілдеде Facebook парақшасында мәлімдеген болатын. Қазір ол қолына жанармай құйылған ыдыс алып, өзін өртеуге бел буып отыр. Бұл туралы NewTimes АА хабарлады. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері және әкімдік өкілдері оынмен қазір келіссөздер жүргізуде.
Цветкованың айтуынша, Астанадағы тұрғын үйлердің бірінен пәтер алу үшін ол 48 300 долларын үлескер ретінде құрылыс компаниясына құйған екен. Алайда, бір жыл өтсе де не үй жоқ, не ақшасы кері қайтарылмаған. Құқық қорғау органдарынан әділдік іздеген әйелдің бұл әрекеті нәтижесіз аяқталыпты.
Әлеуметтік желідегі жазбасында Цветкова құрылыс компаниясының басшыларымен бірге істі жылы жапқан құқық қорғаушыларды да жазалауды талап еткен. Егер, оның талабы орындалмаса әйел 5 шілде күні өзін өртеуге уәде берген еді.
Осы жазбадан кейін кеше Ольганы тәртіп сақшылары ішкі істер бөліміне апарып, бірнеше сағат алдын алу жұмыстарын жүргізген. Соған қарамастан бүгін алданған әйел өзін өртеуге бел буып отыр деп хабарлайды NewTimes АА тілшісі оқиға орнынан.