$ 498.34  519.72  4.85

Әкімдер әкелерінен қалған жерді үлестіріп жатқан жоқ

Бәлкім біздің қоғамда жемқорлықтың тым дендеп кетуінен шығар, билік өкілдері халыққа пайдалы іс жасай қалса бөркімізді аспанға атып қуанып, сүйіншілеп жатамыз. Құдды әкім-қаралар әкелерінен қалған дүние-мүлікті халыққа таратып, қайырымдылық жасап жатқандай әсірелейміз. Ал, анығына келгенде, билік өкілдері халықта ешқандай мұқтаждық болмасы үшін жұмыс істеуі қажет.

Күні кеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың 6 мың тұрғынға үй салу үшін жер телімін үлестіргені айтылды. Расымен де қуанышты жаңалық. Бұл дегеніңіз, облыста үй-жайсыз жүрген 6 мың отбасы баспаналы болады деген сөз. Яғни, әкім өзіне артылған міндеттерді орындады.

Алайда, бұл жаңалықты кейбір БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі пайдаланушылары Қызылордада қайырымдылық шарасы жүргізілгендей етіп жеткізді. Құдды Қ.Көшербаев әкесі Елеуден қалған 1000 гектар жерге өз ақшасына инфрақұрылым желісін жүргізіп, халыққа тегін сыйлады ма деп ойлап қалдық. Сөйтсек, олай емес екен. Облыста соңғы 12 жылдан бері ешкімге жер телімі берілмеген деп жазады Baq.kz тілшісі. Ал, он сотық жерін ала алмай, кезекте тұрған халықтың саны 50 мыңға (49 212) жуықтаған. Яғни, облыс әкімі өңірдегі әлеуметтік проблеманың бірін шешу үшін тағы 44 мың тұрғынға жер телімін беруі керек. Егер әкімдіктегілер 12 жылда бір рет емес, жыл сайын халыққа аз-аздан жер беріп отырса мына он мыңдаған көрсеткіш сәл де болса аз болар еді.

Жалпы, тек Қырымбек Көшербаевты айтып отырғанымыз жоқ, Ақтөбеде, Шымкентте, Алматыда, Астанада мемлекеттік бағдарламамен пәтерлер берілген кезде де әкімдерді әулие қылып жібереміз, өз ақшасына қабат-қабат үй салып, мұқтаж жандарға үлестіріп беріп жатқандай. Шындығында, бұл әкімдер өздерінің атқаруы тиіс жұмыстарды ғана істеп жатыр, оның шеңберінен шығып, қайырымдылық жасамаған. Ал, құрылысқа кеткен ақша - сіз бен біздің маңдай термен тауып, мемлекет қазынасына құйған салығымыз. Өркениетті өзге елдерде билік халықтың ақшасын жеп, далада қаңғыртса ондай шенеуніктерді артынан бір теуіп, елден қуып шығар еді. Ал, біз үшін бұл қалыпты жағдайға айналып кеткен.

Азамат ЕСЕНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары