Алматыдағы лаңкестік оқиға құрбандарының саны тағы екі адамға артты. Күдікті Руслан Күлекбаевтың қолынан ауыр жараланған полиция қызметкерлері Серік Әбілдаев пен Мейрамбек Рахматуллаев ауруханада көз жұмды деп хабарлайды Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі.
Полиция аға сержанты Әбілдаев Серік Еркенұлы 1973 жылы туған, Алматы қалалық ІІД жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция полкінің полицейі, ішкі істер органдарында 1994 жылдан бері жұмыс істеп келген. Үйленген, үш қыздың әкесі.
Полиция лейтенанты Рахматуллаев Мейрамбек Нұридиллаұлы 1992 жылы туған, Алмалы аудандық ІІБ-нің учаскелік инспекторы, ішкі істер органдарында 2012 жылдан бері қызмет істеп келеді. Үйленген.
Естеріңізге салайық, Алматыдағы теракт биыл 18 шілде күні орын алды. Суық қаруланған Руслан Күлекбаев полиция бөлімшесіне шабуыл жасап, тәртіп сақшыларын атып салған. Салдарынан сол күні 4 полицей мен 2 бейбіт тұрғын қаза тапты. Лаңкестің өзін құқық қорғаушылар тірідей ұстап, қазір тергеп жатыр. Оның бұған дейін екі рет сотталғаны, түрмеде салафилік ағым өкілдерімен тығыз қатынаста болғаны анықталды.