$ 443.37  474.49  4.83

«Ислам мемлекетінің» сапында жүрген қазақстандық әйел Ресей құқыққорғаушыларынан көмек сұрады

«Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының қатарына енген қазақстандық 26 жастағы әйел көмек сұрап, Дағыстандағы келісім орталығына өтінішпен шыққан. Ол ресейлік арнайы жасақ өкілдеріне хабар беріп, өзін құлдықтан босатуын сұрапты. Бұл туралы Life.ru порталы хабарлап отыр.

Лаңкестердің тұтқынына түскен жас әйелдің анасы Роза Сабырованың айтуынша, Қазақстан билігі мен елшілік өтінішке құлақ аспай, қолдарын бір сілтеген көрінеді.

«Олар қыздың суретін барлық жерге таратты. Шекараға келе қалса оны дереу Қазақстанға депортациялаймыз дейді. Бірақ, ол қалай шекараға дейін келеді, егер оны тұтқында ұстап отырса? Егер ол өз еркімен шығып кете алатын болса әңгіме басқа. Оның емізулі екі баласы бар қолында», - дейді анасы Роза Сабырова.

Әйелдің айтуынша, қызы 2013 жылы құрбыларымен Түркияға кеткен екен. Арада біраз уақыт өткен соң ол телефонмен хабарласып, күйеуге шыққанын және Сирияда тұрып жатқанын айтқан. Сол елде жүріп екі бала туып алыпты. Сәбилері дүниеге келгеннен бері қызымнан маза кетті дейді әйел. Анасымен болған әңгіме барысында ол «өзімді шаһид, балаларымды құлдыққа салуы мүмкін» деп дабыл қаққан екен.

«Ол баласын босанғаннан бастап көмек сұрай бастады. Оның SMS-хабарламаларын түгел айтып бере алмаймын, жан түршігеді. "Мама, кешірші. Әке, кешірші. Мені мына жерден алып кетіңіздерші, аяқтарыңызды сүйіп өтейін. Мен балаларым үшін қатты алаңдаймын. Бізге қауіп төніп тұр. Мұнда балалары бар орыстілді әйелдер көп, барлығы кеткісі келеді, бірақ, бізді жібермейді" деп жазады бір хабарламасында. Мұндай SMS-хабарламалар жиі келіп тұрды. Өміріміз тозаққа айналғандай. Қолымыздан түк келмейді. Босанғаннан кейін біраз қан жоғалтқан. Оның үстіне, екі баласы да емізулі. Қалай қашып кетерін білмей отыр», - дейді Роза.

Қазақстан билігінен қолдау таппаған Роза Сабырова Дағыстандағы келісім орталығынан көмек сұрапты. Аталған ұйым дәл осындай проблемаға тап болған көптеген отбасыға көмектескен. Ондағылар ресейлік күштік құрылымдарға хабар бергенін айтып отыр.

Ал, ҚР Сыртқы істер министрлігіне арнайы сұрақпен шыққан Today.kz порталына ведомство өкілдері Роза Сабырованың, не оның қызының өтінішпен келмегенін айтыпты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары