$ 448.89  477.93  4.76

Астана іргесіндегі даулы жер телімдерін әкімдік қайтарып алмайтын болды

Астана іргесінде орналасқан Қосшы мен Тайтөбе ауылдарындағы даулы жер телімдері қазіргі иелерінде қалып, әкімдік есебіне аударылмайтын болды. Яғни, 328 отбасына алдағы 2 ай көлемінде жаңа құжаттар табысталады. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин алданып қалған жер иелерімен кездесу барысында айтты.

«Шамамен 570 жер телімі дұрыс сатылмаған және рәсімделмеген. Кейбір телімдерді алатын кезде тұрғындар заңбұзушылықтың орын алғанын біле тұра жерді рәсімдеп алған. Олармен бөлек әңгіме болады. Олар деп отырғанымыз алаяқтық қылмысын білген 15 адам. Бірақ, сатып алушылардың негізгі бөлігінің еш кінәсі жоқ. Мен әуел бастан сіздердің жақтарыңызға шыққанмын, сіздердің ниеттеріңіз таза, сондықтан біз сіздерге қолдау көрсетуіміз тиіс. Біз құқық қорғау органдарымен етене жұмыс істесіп, қазір барлық процесті тоқтатып тастадық. Енді сіздерде қайта проблемалар туындамас үшін барлығын заңдастырмақпыз. Ендеше, тыныш өмір сүре беріңіздер, жұмыстарыңызбен айналысыңыздар, екі айдан кейін біз сіздерге жерге акт береміз. Бастысы рәсімдеп алыңыздар, 30 күн деген соншалықты көп уақыт емес», — деді Кулагин алданған тұрғындармен кездесу барысында.

Оның айтуынша, әкімдік пен прокуратура арасында келесім болып, заң органы жер иелерін қайта мазаламауға уәде беріпті.

Естеріңізге салайық, Қосшы мен Тайтөбедегі 328 отбасының жер телімін әкімдік заңсыз сатып алынған деп тауып, кері қайтармақ болған еді. Тіпті, іске прокуратура араласып, тұрғындардан жер телімдерін ерікті түрде қайтаруын талап еткен. Алайда, маңдай термен жиған ақшасына сатып алған жерлерін өліспей беріспейтінін айтқан жергілікті халық ЭКСПО кезінде биліктің масқарасын шығаратынын жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары