Шымкенттегі политехникалық колледждің директоры, ОҚО мәслихатының депутаты Амангелді Сопбеков осыдан бірнеше күн бұрын пара бермек болды деген күдікпен ұсталған болатын. Ол колледжге берілетін мемлекеттік гранттардың санын ұлғайту үшін білім басқармасындағы басшыларға 3 миллион теңгені делдал арқылы беріп жіберген көрінеді. Енді оның кінәсі дәлелденсе депутат 5 жылға сотталуы мүмкін. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ОҚО бойынша департаментінің мамандары баспасөз мәжілісінде айтып берді.
Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың тағы бір депутаты, Ә.Қастеев атындағы колледж директоры Ниязов пара алды деп айыпталуда. Ол 7 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
«ОҚО білім басқармасының қызметкері өзіне пара ұсынғаны үшін құзырлы органға арызданған. Сондықтан, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Ал, арада ақша тасымалдап, делдалдық танытқан Бекболатұлының үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр», — дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерлан Егеубеков.
Қазіргі таңда Сопбековтің ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал, Ниязовтің ісі сотқа өткен. Оны мұғалімнен 200 теңге көлемінде пара алды деп айыптап жатыр. Бұл ақшаға директор бір түлекті оқуға қабылдап, мұғалімнің педагогтық жүктемесін арттырып беруге уәде еткен көрінеді.
«Сопбеков 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы немесе берген парасының 30 еселенген сомасын айыппұл ретінде төлеуі мүмкін. Ал, Ниязов болса 7 жылға дейін сотталып, алған парасының 60 еселенген сомасын айыппұл ретінде мемлекетке қайтаруы мүмкін», — дейді Е.Егеубеков.