Бедеулік – әрбір оныншы қазақстандық отбасының ажырасуының бір себебі. Бұл туралы Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, академик Вячеслав Локшин Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да медициналық журналистика курсында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Қазақстанда бедеуліктің жиілігі шамамен 15%-ды құрайды. «Жыл сайын мамандарға 20,5 мыңға жуық жұп жүгінеді, олардың 40-45%-ы көмекші репродуктивті технология жүргізуді қажет етеді. Бүгінгі таңда 100 ерлі-зайыптының 34-і ажырасқан. Ажырасу жағдайларының 10% себебі – балалардың болмауы», - деді Вячеслав Локшин.
Репродуктолог атап өткендей, бедеулік - екі адамның проблемасы, оны бірлесіп шешу қажет. «Мен айтып өткендей, отбасында балалардың жоқтығы әйелдерді ғана алаңдатпайды. ЭКҰ-ға келгендердің 50% - ер адамдар. Егер ерлі-зайыптылар балалы бола алмаса, олар ЭКҰ-ға жүгінеді. Тексеру кезінде негізгі факторлар белгілі болады. Емдеудің барлық процесі - уақытты, күш-жігерді және жақсылыққа деген сенімді қажет ететін жол. Сондықтан мұнда науқастардың психологиялық жағдайы белгілі рөл атқарады», - деп атап өтті спикер.
Вячеслав Локшиннің айтуынша, елде балалы болуға ынталандыратын отбасылық саясат болуы керек. «Басқа елдермен салыстырғанда бізде бала туу бойынша көрсеткіштер оң. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», - деді ол. Еске сала кетейік, Президент Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды, сондай-ақ Мемлекет басшысы «ЭКҰ» бағдарламасы бойынша квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есеге арттыруды тапсырды.