$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда ұрланған қыз есін жиып, көлікті мас полицейдің жүргізгенін айтты

Алматы облысында қайғылы аяқталған қыз алып қашу операциясы жайында бұған дейін жазған болатынбыз. 20 жастағы Әлия Ошақбаеваны ұрлаған төрт жігіт жол апатынан қаза тапса, қыздың өзі ауыр халде ауруханаға жеткізілген еді. Бүгін есін жиған Әлия апатқа ұшыраған көліктің тізгінінде араққа тойған полицейдің болғанын айтып берді. Бұл жайында Informburo.kz порталы хабарлап отыр.

Оқиға 8 тамыз күні түнгі сағат 00:40 шамасында орын алған. Қызды үйден алдап шығарған жігіттер оны қалыңдық ретінде алып қашыпты. Жолда Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бірлік ауылына жақындаған тұста жастардың мінген ВАЗ-2114 көлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, жүк көлігіне соқтығысқан. Көлікте болған бес адамның төртеуі оқиға орнында көз жұмды. Тек, жәбірленген қыз ғана аман қалып, түрлі дене жарақаттарымен аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.

Ауыр халде жатқан Әлия бүгін есін жиып, өздігімен тамақтануда. Тілшілермен болған әңгіме барысында ол оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын айтып берді.

"Мені далаға алдап шығарды. Адасып кеткендерін айтып, көмек сұраған болатын. Мен олардың көлігіне отырғым келген жоқ. Бірақ, мені күшпен отырғызып, аяқ-қолымды жібермей ұстап отырды, жарақат салған жоқ", - деп еске алады Әлия сол сәтті.

Ол тек "күйеу жігіт" болған бала мен көліктің тізгінінде болған жігітті танитынын ғана айтып отыр. Қалған екі жас азамат бейтаныс болған.

"Мен олармен достық қатынаста болған жоқпын, жай ғана танитынмын. Тіпті, апат болмаған жағдайда, мен ол жігітке күйеуге шықпас едім, сол күні үйге қайтар едім. Оның есімі Бақытжан, жасы 28-де. Ал, көліктің тізгінінде болған жігіт Алматының көші-қон полициясында жұмыс істейтін. Мені алып қашып келе жатқанда ол спирттік ішімдік ішіп отырды", - дейді Әлия Ошақбаева.

Мас жүргізуші жол ережелерін сақтамай, жылдамдықты асырған көрінеді. Ол қалыңдықты күйеу жігіттің үйіне жеткізгенше асығыпты.

"Мен келіспегендіктен олар мені тезірек үйлеріне алып келгісі келді. Сондықтан тым жылдам жүрді. Жүргізуші жиі жолдың қарсы бағытына шығып, көліктерден озып отырды", - дейді жәбірленген қыз.

Қазіргі таңда Әлияның ағасы Әлижан қарындасын өзге ауруханаға ауыстырудың қамын жасап жүр.

"Оның сынған аяғына ота жасау керек. Қазір жатқан ауруханада мқндай операцияны жасай алмайды екен. Сондықтан өзге клиникаға ауыстыруымыз қажет", - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Әлияның үлкен ағасы Аркен Махмут та көліктің тізгінінде болған жігіттің полицей екенін айтқан болатын. Алайда, Алматы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі бұл мәліметті жоққа шығарған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары