Оқиға 8 тамыз күні түнгі сағат 00:40-та Алматы-Көкпек-Көктал трассасында орын алған болатын. Қыз алып қашқан болған үш жігіт жол апаты салдарынан қаза тапса, 20 жастағы бойжеткен Әлия Ошақбаева ауыр халде аурухананың жансақту бөлімінде.
Әлияның ағасы Аркен Махмут Informburo.kz тілшісіне сұхбат беріп, үш жігіттің қызды алып қашу үшін үйінен алдап шығарғанын айтып берді.
"Ол біреулер айтқандай, көлікке өз еркімен отырмаған. Бізде телефонда сақталған хабарламалар бар, қолымызда сақтаулы. Оған қарап қызды үйден алдап алып шыққанын оңай білуге болады. Олар адасып қалдық деп алдап, қыздан жолды көрсетіп жіберулерін сұраған. Қысқасы, алдап алып қашып кеткен", - дейді Әлияның ағасы.
Оның айтуынша, Әлия алып қашқан жігіттерді танығанымен, олармен етене араласпаған екен. Ал, тұрмысқа шығу мүлдем ойында болмаған. Аркен Махмуттың сөзіне сенсек, апатқа ұшыраған ВАЗ-2114 көлігінің тізгінінде Алматы облыстық ІІД басшысы орынбасарының жақын туысы болған көрінеді.
"Оның жақын құрбысы Әлияның аталған жігіттермен мүлдем араласпағанын айтып отыр. Бірақ, бірін-бірі жай таныған. Қыз Маловодный іргесіндегі ауылда тұрады. Онда бәрі бірін-бірі таниды. Кеше қайтыс болған жігіттердің бірінің туысы келді. Көліктің тізгінінде ішкі істер органдарының қызметкері болғанын айтты. Ол апаттан қайтыс болған. Ал, оның туған ағасы Алматы облыстық ІІД басшысының орынбасары екен. Яғни, марқұмның өзі де полицей. Туыстары айтуға қорқып отыр. Кінәлілердің туыстары істі жылы жапқысы келіп отыр, 50 000 теңге ұсынып", - дейді А.Махмут.
Оның айтуынша, Әлия анасының қолында өскен екен, әкесі ертеректе қайтыс болыпты. Туыстары оның аман-есен ауруханадан шығатынына үміттеніп отыр. Бірақ, дәрігерлер нақты жауап беруге әлі ерте дейді.
"Оның екі қолы, екі аяғы, жамбасы және омыртқасы сынған. Жағдайы өте ауыр. Қазір жансақтау бөлімінде. Түнде аурухананың бас дәрігерімен сөйлестім. Ол дөрекі сөйлесті, Құдайға тапсыруды айтты", - дейді Аркен Махмут.
Ал, Алматы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі Әлияның ағасы айтқан ақпараттарды теріске шығарды. Олардың айтуынша, көлікте полиция қызметкері болмаған. Тіпті, департамент басшысы орынбасарының туысы да болмапты. Ал, жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатқан көрінеді. Тәртіп сақшылары қыз алып қашу дерегінің орын алғанын растап отыр. Алайда, Әлияның ата-анасы арыз жазбаса ол бойынша іс қозғалмайды.