Сарыағаш ауданынан Шымкентке қарай таксимен шыққан тағы бір әйел жоғалды. 27 жастағы Нурипа Курбанова Шымкенттегі базарлардың бірінен тауар сатып алу үшін жолға шығып, содан хабарсыз кеткен. Бұл туралы ОҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Тәртіп сақшыларына Нурипаның күйеуі арызданып келген. Ол өз арызында әйелі екеуі Сарыағаштың базарында сауда жасайтынын, 10 тамыз күні Шымкенттен тауар алып келу үшін әйелінің жолға шыққанын көрсеткен. Өзімен бірге біраз ақшасы болыпты. Алайда, сол кеткеннен жас келіншек із-түссіз жоғалған.
"Аталған жайт Сарыағаш АІІБ ПБ СДТТБТ тіркелді. 27 жастағы Нурипа Курбанованы іздеуге Сарыағаш АІІБ жеке құрамы мен ОҚО ІІД криминалды полиция басқармасы жұмылдырылды. Із-түссіз жоғалған азаматшаның жүрген жерін анықтау мақсатында барлық Қ(А)ІІБ-на бағыттама беріліп, жедел іздестіру тобы құрылды" делінген полицейлер таратқан хабарламада.
Нурипа Курбанованың белгілері: бойы шамамен 165-170 см., орта денелі, қара шашты иығына түскен, көзі қоңыр. Көк түсті шалбар, жасыл түсті футболка, қара түсті аяқ киім киген.
Естеріңізге салайық, мамыр айының басында Сарыағаштан Шымкенттегі колледжге шыққан 17 жастағы Әйгерім Оспанбекова есімді бойжеткен де жоғалып кеткен болатын. 2 аптаға созылған іздеу жұмыстарынан соң құтқарушылар оның өлі денесін тапты. Күдікті ретінде такси жүргізушісі ұсталып, қазіргі таңда сот процесі жүруде.