Бұған дейін 30 жастағы Мөлдір Әбішеваның 4 жасар ұлымен ШҚО-дан шығып, Қарағандыға барар жолда жоғалып кеткенін хабарлаған болатынбыз. 30 жастағы әйел мен баласы Қарағандыдағы Мәдениет үйі маңайында тұрып келген. Мөлдірдің туыстарының айтуынша, олардың жоғалуына күйеуімен болған ұрыс-керіс себеп болуы мүмкін.
Ана мен бала 20 шілде күні жолға шығып, содан із-түссіз жоғалған. Ұялы телефондары сөндірулі, өздері де ешкіммен хабарласпаған.
"Мөлдір өз туыстарына күйеуімен бірге тұрғысы келмейтінін жиі айтатын, себеп - екеуінің арасындағы ұрыс-керіс. Қыздың туыстары күйеу жігіттен тыныштық беруді талап еткен. Алайда, ол ешкімді тыңдамайды, баланы алып қоямын деп жиі қорқытатын", - дейді Мөлдір Әбішеваның туысы.
Әбішева Мөлдір Бейбітжанқызы 1986 жылы туған. Бойы 160-165 см, сопақ жүзді, ұзын қара шашты және қара көзді. Үстінде қызыл түсті халат, аяғында сары түсті аяқкиім болған.
Нүктенов Әл-Ануар Асылбекұлы 2012 жылы туған. Анасымен бірге Қарағандыдағы Горноспасательная көшесінде тұрып келген.