$ 441.44  473.09  4.75

Жаңа оқу жылында Ақтаудағы үйірмелердің саны артады

Қосымша білім беру ұйымдары өз жұмыстарын 15 қыркүйектен бастайды. Балалардың қызығушылығына қарай және мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап үйірмелердің санын арттыру жоспарлануда. Қолданбалы өнер мен кәсіби шеберлікті дамыту мақсатында дарынды ата-аналар мен зейнеткерлер жұмысқа тартылатын болады. Бұл туралы Оқыту-әдістемелік және қосымша білім беру орталығы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жиде Жеткізген айтып берді.

Маңғыстау облысында қосымша білім берумен айналысатын 15 ұйым жұмысын сәтті жүргізіп келеді. Олардың сегізі өнер мектептері, біреуі музыкалық мектеп, тағы бірі оқушылар үйі, екеуі оқушылар орталығы және үшеуі «Дарын» орталығы. Бұлардан бөлек облыс орталығында 38 алу клубтары бар.

Жиде Жеткізгеннің айтуынша, барлығы 486 үйірмеде 24 676 бала қосымша білім нәрімен сусындап жатыр. Бұл орта білім беру мектептеріндегі барлық оқушылардың 21,8 пайызын құрайды. Сонымен қатар, аула клубтарында тәрбиеленіп жүрген балалар саны 12 016-ға жетіпті. Қосымша білім беру ұйымдарында 1138 педагог жұмыс істеуде.

- Жаңа оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушыларының бескүндік оқу жүйесіне көшуіне байланысты аптаның сенбісі қосымша білім алатын, үйренетін күнге айналып отыр. Сондай-ақ, қосымша білім беру жүйесіндегі педагогтардың толық жүктемемен жұмыс істеуіне ықпал етті. Сондықтан, бірінші сынып оқушыларының қосымша білім алуына жаңа формат енгізіліп отыр. Бұдан ата-аналар хабардар болуы тиіс. Жаңа үйірмелер де ата-аналардың қалауы бойынша ашылатын болады, - дейді директор орынбасары Жиде Жеткізген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары