$ 453.93 € 508.72 ₽ 5.35

«Маған рахат, қысылмаймын»: Қайрат Нұртастың гитарисі жұрттың ашуын тудырды (ФОТО)

"Сахнада емін-еркін гитараммен…"

Коллаж: SN.kz
Коллаж: SN.kz

Әнші Қайрат Нұртастың жанында гитарада ойнап танылған музыкант Ақсұңқар Жүнісбаев әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін көпшіліктің сынына ұшырады. Ол концерт кезінде өзін еркін сезінгенін айтып, көрермендердің қиын жағдайға тап болғанын жазған. Желі қолданушыларының наразылығынан кейін музыкант жұрттан кешірім сұрады,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ақсұңқар Жүнісбаев Threads әлеуметтік желісінде концерт кезіндегі көңіл күйімен бөліскен. Музыкант сахнада еш қысымсыз, еркін өнер көрсеткенін айтып, көрермендердің жағдайына қатысты пікір білдірген.

«Ең рақат жұмыс менікі ме деп қалдым. Қысылмай, сахнада емін-еркін гитараммен… Адамдарға жаным ашып кетті. Бір жағы карма рөл ойнап кетті. “Бойкот” деген халыққа өкпелеп қалып ем былтыр. Бірақ оны өзім ұмытып кеткенмін. Құдай бүгін маған халықтың қиналғанын көрсетті», – деп жазды ол.

Сондай-ақ музыкант халықты жақсы көретінін айтып, ешкімді ренжіткісі келмегенін жеткізген. Алайда оның жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының көңілінен шықпады. Кейбірі мұндай жағдайда осындай пікір білдіру орынсыз екенін айтып, оны көрермендерге құрметсіздік танытты деп сынаған.

Желіде тараған сыннан кейін Ақсұңқар Жүнісбаев кешірім сұрап, ойын дұрыс жеткізе алмағанын мойындады.

«Кешіріңіздерші. Менікі айып болды. Шынымен сіздерді қатты жақсы көремін. Негізі өмірде араласып көрсеңіздер, қарапайым адаммын ғой. Сәл сөз құрай алмайтыным бар, мойындаймын! Ойымды дұрыс жеткізе алмай, осылай таяқ жеп жүремін», – деп жазды музыкант.

Айта кетейік, 10 қазанда Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде көрермендер арасында кептеліс болғаны хабарланды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға салдарынан жарақат алған 18 жастағы қыз ауруханаға жеткізілген. Оның жағдайы ауыр деп бағаланған.

Ақсұңқар Жүнісбаевтың жеке өмірі де бұған дейін жұрт назарында болған. Ашық ақпараттарда оның екі рет үйленгені айтылады. Алайда музыканттың бұрынғы отбасына қатысты алимент, несие және көлікке байланысты мәліметтерді тәуелсіз дереккөздермен растау қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0