$ 498.34  519.72  4.85

Ақтаулық оқушы Қазақстан өсімдіктер энциклопедиясын жасап шығармақ

Малайзияға үш апталық дайындық курстарына барып келген Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Қазақстан өсімдіктер әлемін зерттеп, жаңа энциклопедия әзірлеуді жоспарлап отыр.

Сәттіғали Жолдасбай мен Аман Жұмабек Назарбаев зияткерлік мектебін химия-биология бағыты бойынша оқып жатқан оқушылар. Олар «STEM Summer Programme 2016» бағдарламасы аясында Малайзия астанасы Куала-Лумпурде үш апталық оқу дайындық курсынан өтті. Осы іс-сапар ақтаулық оқушылардың бірін энциклопедия әзірлеуге итермелеп отыр. Кітапта Қазақстанда өсетін барлық өсімдік түрлері қамтылатын болады.

- Курс тек білім беріп қана қойған жоқ, сондай-ақ, өз білімімді достарыма жеткізу идеясын да туғызды. Оқу уақыты аяқталған соң мен Қазақстанда өсетін барлық өсімдік түрлері туралы энциклопедия жазып шығуды жоспарладым. Дайындық курсында шетелдік профессорлар бізге өте қызықты дәрістер өтті, сұрақтар қойды, сабақты барынша қызықты етіп өткізді. Үш апта бойы біз түрлі ауруларды, олардың пайда болуын, емдеу жолдарын зерттедік, өсімдіктердің ДНҚ-ін алдық, отырғызып қалай өсетінін байқадық. Біз тек биологияны оқып қана қойған жоқпыз, микробиология, экология, психология, фармацевтика сынды ғылымдарға да тоқталдық. Бір сабақта команда болып кәдімгі аспирин дәрісін өзіміз жасап шығардық. Алғашқы әрекеттеріміз тығырыққа тіреле берген соң бұл істің оңай емес екенін түсіндік, - дейді 12 «В» сыныбының оқушысы Сәттіғали Жолдасбай.

Айта кетейік, биология ғылымын зерттеуге және білімдерін жетілдіру үшін Қазақстанның 42 оқушысы шетелдің түрлі ғылыми орталықтарына дайындық курстарына барып қайтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары