31.08.2016, 09:54

Үржарлық орыс қыз қазақстандықтарды тек қазақ тілінде сөйлеуге шақырды (ВИДЕО)

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында тұратын Елена Вахнина есімді орыс қызы қазақтар мен еліміздегі өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілде сөйлеуге шақырды. Оның осынау видеоүндеуін Жанар Жахат есімді Facebook қолданушысы өз парақшасында жариялаған.

"Мен Қазақстанда тұрамын, бұл менің туған жерім. Қазақстанда тұрғаным үшін мақтанамын. Қазақ тілі маған жеңіл, сөйлеу қиын емес. Өзгелерге де қиын емес, қазақша сөйлеуге тиіссіңдер! Қазақстанда тұрасыңдар, бұл туған жерлерің", - дейді Е.Вахнина өзінің ана тілін білмейтін отандастарына арнаған видеоүндеуінде.

Елена күнделікті тұрмыста да тек қазақ тілін пайдаланады екен. Орысшаны өте сирек қолданады, өйткені ол тілде еркін сөйлеуден қалған.

Оның айтуынша, Үржарда мемлекеттік тілде сөйлейтін орыс ұлтының өкілдері көп. Үйренгісі келген адам үшін қазақ тілі оңай, көпшілік ерінгендіктен үйренбей жүр дейді Елена Вахнина.