Павлодарда екі бірдей мектеп қауіпті деп танылды. Ленин кентінде елу жыл бұрын салынған бұл нысандардың жылу қазандықтары ішінде орналасқан. Ал екеуінің де сұйық отынға көшірілуінен мұндағы балалар мен ұстаздарға қауіп төндіріп тұрғаны сөзсіз деп хабарлады КТК телеарнасы.
Төтенше жағдайлар қызметі осы үшін екі жыл қатарынан айыппұл салыпты. Бірақ жылда сөз беретін атқамінерлер биыл да мәселені кейінге ысырған. Салдарынан, 400-ден аса бала тағы жандарын шүберекке түйіп білім алуға мәжбүр.
Білім ошағы елу жыл бойы көмірмен жылытылып келген. Қазандықтың тура мектеп ішінде орналасқанына қарамастан, нысан бірнеше жыл бұрын сұйық отын жүйесіне көшірілген. Жылу қазандығының тура мектепте орналасқаны былай тұрсын, 12 тонна жанармай сақталатын орын білім мекемесінен бірнеше қадам жерде тұр. Ал заң бойынша қазандық кез-келген нысаннан 50 метр алшақ орналасуы тиіс. Қандай да бір апат орын алған жағдайда 215 бала білім алатын мекеме күлге айналуы әбден мүмкін.
Ал ұстаздар тіпті жанармай иісіне үйреніп те қалған. Өйткені, басқа амал жоқ. Қазандық үшін жеке нысанның салынуын төрт жыл бойы сұраған оларға білім басқармасындағылар биыл тағы «күтіңдер» деп жауап беріпті.
"Сараптамаға сәйкес қазандық үшін жеке ғимарат салынуы тиіс. Ал биыл шатыр мен жарық жүйесін жөндеуге ғана ақша бөлінді. Балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз. Бірақ күтуден басқа амалымыз жоқ", - дейді мектеп директоры Бақыт Омарова.
Маусымдық тексерісті аяқтаған өрт сөндірушілер де қос мектептегі жағдайдың қауіп төндіріп тұрғанын айтып, жар салуда. Бұған дейін екі мәрте айыппұл салынса да еш шара қолданылмаған. Енді Төтенше жағдайлар департаменті мектеп басшыларын жауапқа тартпақшы.
Бір айдан соң іске қосылатын қазандықтың қолдану мерзімі екі жылдан соң аяқталмақ. Ал екі мектептегі төрт жүзге жуық баланың өміріне жауапты ұстаздар оқушыларын биыл да қыстан аман алып шығуды тілейді.