17 жастағы колледж студенті Әйгерім Оспанбекованың өліміне қатысты қозғалған іске бүгін нүкте қойылды. Бойжеткенді айуандықпен өлтірген такси жүргізушісі Әлішер Арғынбековтің айыбы сотта дәлелденіп, судья оны 16 жылға бас бостандығынан айырып отыр.
Сот отырысы айқай-шумен басталды. Айыпталушы Арғынбаев журналистерге өзін фото және видеокамераға түсіруге тыйым салса, күзет БАҚ өкілдерін залдан итеріп шығарып жіберді. Тек судья Дәурен Мадалиев келген соң ғана журналистер сот залына жіберіліп, процеске бастан-аяқ қатысуға мүмкіндік алды.
"Сот 1990 жылы туған Әлішер Арғынбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 5-тармағының 2-тармақшасы бойынша және 188-баптың 1-тармағы бойынша айыпты деп тауып, 16 жылға бас бостандығынан айырды, жазасын ол қатаң режимдегі колонияда өтейді", - деді Дәурен Мадалиев үкімді оқу барысында.
Оның айтуынша, Әлішер Арғынбаевтың кінәсі тергеу барысында толық дәлелденген. Тергеушілер оны күшпен мойындатты деген дерек болса еш негізсіз дейді ол.
Үкім оқылғаннан кейін Арғынбаевтың анасы көз жасына ерік беріп, соттың әділетсіз өткенін айтты.
"Менің ұлым өлтірген жоқ. Олар шын қылмыскерді таппаған. Сіздер Сарыағаштың полицейлері қалай жұмыс істейтінін білмейсіздер ме?! Олар менің ұлымды ұрып-соғып мойындатқан", - деді сот отырысынан кейін Салиха Арғынбаева.
Марқұм Әйгерім Оспанбекованың туған-туыстары болса айыптыдан 10 миллион теңге көлемінде өтем талап еткен. Алайда, сот Арғынбаевтың материалдық жағдайын ескеріп, бұл соманы 3 миллион теңгеге дейін қысқартты.
"Берілген мерзім оған аздық етеді. 25 жылға соттауы керек еді. Ол менің қызымды еш себепсіз өлтірді, енді оны ешқашан кешірмеймін", - дейді Әйгерімнің анасы Сахида Ахметова.
Естеріңізге салайық, аталған оқиға биыл 10 мамыр күні орын алған болатын. Сарыағаштан Шымкенттегі оқуына кеткен Әйгерім Оспанбекова жарты жолда із-түссіз жоғалып, бірнеше күннен кейін оның өлі денесі табылды. Тергеу барысында белгілі болғандай, бойжеткен Әлішер Арғынбеков жүргізген таксиге отырып, облыс орталығына жетіп алмақ болған екен. Алайда, жолда көлік бұзылып, екеуі ұрысқан. Ұрыс соңында такси жүргізушісі Әйгерімнің кеуде тұсына бірнеше рет үшкір темір тығып, өлі денесін айдалаға тастап кеткен.