$ 447.4  477.55  4.76

Арал тұрғыны мектепте оқулықтардың жоқтығын айтып отыр

Қызылорда облысы Арал қаласының тұрғыны немересі оқитын №62 орта мектепте оқулықтардың жетіспейтінін айтып шағымданды. Оқушыларды 100 пайыз кітаппен қамтимыз деген шенеуніктердің сөзін ол жоққа шығарып отыр.

Редакциямызға хабарласып, аты-жөнін көрсетпеуді өтінген Арал қаласының тұрғыны немересінің биыл мектепке дейінгі даярлық сыныбына барғанын және оқу орны бірде-бір кітап бермегенін айтып шағымданды. «Сауат ашу», «Ағылшын тілі» оқулығынан бастап, 8 мың теңгеге 9 кітап алып беріп отырмын деген әжей немересінің әлі 3 оқулығына ақшасы жетпей отырғанына налыйды.

Бір қызығы, мектеп басшылығы алғашында 100 пайыз кітаппен қамтимыз деп уәде беріпті. Алайда, оқу жылы басталғанда «өздерің сатып алыңдар» деп, уәделерінен айныған.

Десе де әжей өзінің жалғыз немересін қатардан қалдырмайын деп, базардан тапқан бар нәпақасын оның керегіне жұмсап отырғанын айтады.

«Біздің үйде бір ғана бала мектепке барады. Соның өзіне тарығып отырмыз. Мектепке 4-5 баласы баратын ата-аналар бар. Олар қайтеді? Оңай емес қой...», - дейді ол.

Бұл бір Аралдың басындағы жағдай емес. Жуырда Шымкенттің ата-аналары да мектепте оқулықтың жоғын айтып шағымданған еді. Оқу басталмай тұрып жергілікті шенеуніктерден уәдені үйіп-төгіп алған олар кейін алданып қалғандарын айтып отыр.

«6 сыныпқа арналған барлық кітапты сатып алып жатырмын. Математика, қазақ тілі кітаптарын. Орыс тілі мен әдебиетін таппай жүрмін базарлардан, 3 күннен бері. Неге бұл мәселемен біз бас қатырамыз, кезінде сайлаған депутаттарымыз қайда кетті? Неге бізге қарасып, мәселені жеңілдетуге жауапкершілік танытпайды?», - дейді шымкенттік ата-аналар Otyrar.kz порталына берген сұхбатында.

Айта кетейік, тамыз айында Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жант Тәжиева оқулық тапшылығы мүлдем болмайтынын айтып, журналистерге сұхбат берген болатын.

«1-ші және 8-сынып оқушыларында кітап тапшылығы болмайды. Қалған сыныптардың 90 пайызы кітаппен қамтамассыз етіледі», - деді Ж.Тәжиева аталған баспасөз мәжілісінде.

Жалпы, оқулық проблемасының нақты Қызылорда облысында болмайтынын бұрынғы вице-премьер Дариға Назарбаева да айтқан болатын.

«Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарына оқулықтар 100 пайыз жеткізілді. Себебі, балалардың сапалы білім алуын барлығымыз қалаймыз» деді Д.Назарбаева Астанада өткен жиындардың бірінде. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те жаңа оқу жылы басталмастан бұрын оқулық проблемасының 100 пайызға шешілгенін мәлімдеген еді.

Сағыныш НАЗАР.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары