$ 494.87  520.65  4.91

Б.Сағынтаев ағайынды үш жігіттің өліміне қатысты істі жіті бақылауға алуды тапсырды

Бүгін Үкімет отырысын ашқан ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Алматы облысындағы үш жігіттің өліміне қатысты істі жіті бақылауына алуды тапсырды.

Естеріңізге салайық, қандықол қарақшылар Алматы облысының Жамбыл ауданында ағайынды үш жігітті 40 бас ірі қара мал үшін айуандықпен өлтірген болатын. Бұл оқиға қоғамда үлкен шу туғызды. Марқұмдардың туыстары тәртіп сақшыларының істі жүргізуіне наразылық білдіріп, полиция бөлімшесінің алдына бірнеше күн бойы жиналған еді. Енді бұл іске Премьер-министрдің өзі араласып отыр.

"Қазір БАҚ беттерінде қылмыс туралы көп айтылуда. Бізге белгілі болғандай, Алматы облысында қазір күдіктілер ұсталған, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл іс халықты толғандырып отырғандықтан, бізге нақты дерек беруіңізді сұраймын", - деді Сағынтаев Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа.

Еліміздің бас полицейі болса қылмыскерлердің қалай ұсталғанын айтып берді.

"20 қыркүйекте бізге Алматы облысында мал сатуға шыққан үш жігіттің ұшты-күйлі жоғалғаны туралы ақпарат келіп түсті. 21 қыркүйекте біз жоғалған жігіттерге тиесілі екі жүк көлігінің бірін таптық. Осы екі көлікпен олар 41 бас малды базарға алып барған. Ал, 23 қыркүйекте екінші жүк көлігі табылды. Тергеу барысында белгілі болғаны, жергілікті тұрғындар осы екі көліктің жүргізушілеріне лайға тығылып қалғанда көмектескен екен. Сол куәгерлерден сұрау барысында күдіктілердің де кім екені анықталып, ұсталды. Олар Жамбыл ауданының тұрғындары болып шықты. Екеуі базарға келіп, ағайынды үшеумен саудаласып, малын түгел сатып алатын болып келіскен екен. Кейін, алдау арқылы оларды тауға қарай апарып, сол жерде өлтіріпті. Мәйіттерді малмен қоса көлікке салып, әкетіп бара жатқан кезде лайға тығылып қалған және жергілікті тұрғындардан сол кезде көмек сұраған. Қазіргі таңда күдіктілердің екеуі де ұсталып, олардан қарулары тәркіленіп алынды. Мәйіттерді қайда көміп тастағанын өз еріктерімен көрсеткен. Марқұмдарды бүгін жерлейді. Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүріп жатыр", - деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Ал, Премьер-министр болса Қасымовқа бұл істі жіті бақылауға алып, соңына дейін жеткізуді тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары