$ 439.43  473.31  4.82

ОҚО-да жергілікті полиция құрамына қызметтік автокөліктер табысталды

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің жеке құрамына жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстады. Аталған іс-шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі жол патрульдік полиция қызметкерлеріне «КИА-РИО» маркалы 73 темір тұлпар мен учаскелік полиция инспекторларына «ВАЗ-2121010» маркалы 5 арнайы автокөлігін беріп, қызметтеріне табыс тіледі.

«Құрылғанына 1 жылға жуық уақытта жергілікті полиция қызметіне қоғамның көзқарасы оң болып, сенімі артып отыр. Сіздер қиын сәттерде қарапайым халықтың арқа сүйер сүйеніші әрі әділеттіліктің жаршысы болуға тиіссіздер. Алдағы уақытта да сіздер облыс тұрғындарының құқықтарын қорғап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға барлық күш-жiгерін жұмсайды деген сенiмдемiн», - деді Б.Атамқұлов.

Шара барысында ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінен құралған қызметкерлер 10 баған түзеп, салтанатты шерумен жүріп өтті. Кездесу қонақтары мен қатысушыларына жаңадан алынған қызметтік автокөліктер көрсетілді. 

Ішкі істер органының ардагері, милиция генерал майоры Жеңісбай Сұлтанов «Бұл - Тəуелсіздіктің жемісі» деп есептейді.

«Мен 1992-97 жылдар аралығында  облыстың ішкі істер саласын басқардым.  Көлік жоқ, жарық пен жылу жоқ, өте қиын уақыт еді.  Адамдар көшеде жалғыз жүруге қорқатын, өйткені тас қараңғы. «Қалай ел боламыз, қалай күн көреміз?» деген көңілде күдік те болды. Тəуба, Тəуелсіздіктің арқасында осындай бақытқа ие болып, қуанышқа ортақтасып жатырмыз. Бұл көліктер полицейлердің жауапкершілігін арттыруға, қылмыспен күресіп, қоғамдық тəртіпті нығайтуға сеп  болу керек» - дейді Жеңісбай Сұлтанов.

Іс-шара соңы салтанатты шерумен аяқталды. Айта кетейік, жергілікті полиция қызметкерлері атқарған жұмыс нәтижесінде өңірде аса ауыр қылмыс 22 пайызға кеміген. Ал ашылған қылмыс саны 4 пайызға өскен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары