Астана қаласы Есіл аудандық №2 соты Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевқа үкім шығарды деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ұлттық баспасөз клубының президенті және Қазақстан журналистер одағы басқарма төрағасы Сейтқазы Матаев пен оның ұлы - "ҚазТАГ" АА бас директоры Әсет Матаевқа үкімді судья Ақболат Құрмантаев оқыды.
Сот басталмастан бұрын залға жиналған халық Матаевтарға қолдау білдіру үшін ұзақ уақыт шапалақ ұрды.
Айта кетейік, өткен аптада өткен процесте мемлекеттік айыптаушылар күдіктілердің екеуін де айыпты деп тауып, Сейтқазы Матаевты 6 жыл 8 айға, ұлы Әсет Матаевты 6 жыл бас бостандығынан айырып, жазаларын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеуін судьядан сұраған болатын. Сот болса Сейтқазы Матаевты 6 жылға қамауға үкім шығарды.
Сейтқазы Матаев "алаяқтық" және "салықтан жалтару" сынды баптар бойынша айыпталды. Әсет Матаевқа да "алаяқтық" дерегі бойынша айып тағылды.
Бірнеше айға созылған сот процесі барысында Матаевтардың екеуі де өздеріне тағылған осынау айыптарды мойындаған жоқ. "Мен ешнәрсе ұрлағам жоқ және жоспарламадым да. Менің ұлым да дәл солай. Біздің кінәміз жоқ. Кінәлі болсам менен оффшордағы ақшамды, шетелдегі виллаларымды іздеп табыңыздар. Бірақ, мұның ешбірі жоқ менде. Мені қандай мақсатта айыптап отырсыздар? Сіздер менің шотымды, тіпті жаңа туған немерелерімнің шотын тексеріп шықтыңыздар. Бірақ, бәрібір ешнәрсе тапқан жоқсыздар.Тағы айтамын, егер қандай да бір артық тыйын тапсаңыздар тағылған айыптын бәрін өз мойныма аламын", - деді бұған дейінгі сот отырысында Сейтқазы Матаев.