Көкшетауда толассыз жауған жаңбыр салдарынан 40-тан астам үйді су алып қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, толассыз жауған жаңбыр суынан қаланың жекеменшік секторлары зардап шеккен. Әсіресе, Уәлиханов, Кенесары, Бейбітшілік, Біржан сал және Капцеевич көшелерінің бойындағы 40-тан астам үй су астында қалған.
«Қазіргі кезде судағы аймақтарда қаланың коммуналдық кәсіпорындарының арнайы техникалары су сору жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, осынау жұмыстарға аймақтық ТЖД-ның техникалары мен адамдары тартылған. Төтенше жағдайға байланысты қала әкімдігімен облыс орталығындағы білім, денсаулық, мәдениет және басқа да тұрғын жайларға келтірілген табиғат апатының зардаптары мен көлемін анықтау мақсатында жұмыс тобы құрылды», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қала әкімдігі хабарлағандай, баспанасын су басқан адамдарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 50 уақытша тұрақ та әзірленген болатын.