Астанадағы медуниверситеттің студенті Ерасыл Әубәкіровті өлтірді деп айыпталып, 20 жылға сотталған Нұрбек Әжімбайдың анасы шын қылмыскердің жазасыз қалып, бостандықта жүргенін мәлімдеді.
Бүгін үкім оқылғаннан кейін журналистерге сұхбат берген Н.Әжімбайдың анасы Сәуле Сатыбалдиева Қазақстанда әділ соттың жоқ екенін айтып шағымданды. Ол өз ұлының аталған қанды қылмысқа қатысы жоқ екеніне сенімді.
"Мен ақпан айынан бері осында жүрмін. Осы уақыттан бері қаншама хат жаздым, тіпті Президенттің атына да жаздым. Бірақ, ешкім мені тыңдағысы келмейді. Менің ойымша, ол (Аян Мейірбаев, - авт.) ҚР ІІМ-нің жоғары лауазымды басшыларына ақша берген, нәтижесінде қазір бостандықта жүр. Мен өз ұлымның жазығы жоқ екеніне сенімдімін", - дейді С.Сатыбалдиева.
Оның айтуынша, Ерасылды өлтірген қылмыскердің бет-бейнесі азаптау видеосында анық көрінген. Дегенмен, құқық қорғаушылар бұл дерекке мән бермеді дейді ашынған ана. "Бұл видеоны бәрі көрді, ол бәрінде бар. Балам бұл видеоны өзінің қауіпсіздігі үшін түсіріп алған. Мейірбаевтар тарапынан, құқық қорғау органдары тарапынан қорқытқандар болды", - деді Нұрбек Әжімбайдың анасы.
Естеріңізге салайық, ақпан айында Ерасыл Әубәкіровтің мәйіті табылғаннан кейін тәртіп сақшылары 4 күдіктіні қолға түсірген болатын. Кейіннен басты күдікті саналған Аян Мейірбаевты тергеушілер жазықсыз деп тауып, оны жәбірленушілердің қатарына жатқызып қойды. Аян Өскеменде танымал ірі кәсіпкердің ұлы екенін де айта кету керек.