$ 449.58  486.94  4.86

Ерасыл Әубәкіровтің қалай өлтірілгені белгілі болды

Бүгін Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асхат Әшірбеков елордалық медициналық оқу орнының 23 жастағы студенті Ерасыл Әубәкіровтің өліміне қатысты атышулы істе үкім шығарды. Үкім оқылғаннан кейін Ерасыл Әубәкіровтің отбасының адвокаты Тельман Әленов істің кейбір жай-жапсарын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Бастапқыда, соталды тергеудің барысында тергеу органдары Аян Мейірбаевтың бұл іске қатысы бар тұжырымға келді. Соталды тергеудің барысында қосымша дәлелдердің табылуына байланысты, Әжімбайдың тарапынан қандай да бір бұрыс әрекеттердің болғаны анықталды. БАҚ-тарға шындықты бұлтартатын видеожазбалар тарап кетті. Бұл жерде Мейірбаев Әубәкіровті өлтірді деген нұсқа болды. Ал видео осы мақсатта, ол Ерасылды жұлқылап жатқандай қылып көрсету үшін түсірілген", - деп хабарлады марқұмның ата-анасының мүддесін қорғайтын адвокат.

"Жалпы алғанда Әжімбайдың ойы жеке кәсіпкер Есен Мейірбаевтың баласына қатысты бопсалау материалын жинау болған. Менің түсінгенім бойынша, ол құрылыс бизнесімен айналысқан. Ал Әжімбай сол кәсіпкердің баласы Аян арқылы (олар бір топта оқыған) әкесінің үлкен сауда орталығын сатып жатқанын біліп алған. Содан Әжімбай сол саудадан 15 пайызын алғысы келген. Ал кәсіпкер оны бере салмайды ғой. Содан Әжімбай осындай жолмен өз ойын жүзеге асырғысы келген", - деді Тельман Әленов.

"Осы мақсатта ол коттедж жалдап, ол жаққа Мейірбаевты шақырған, оны күштеп арақ ішуге мәжбүрлеген. Содан кейін коттеджге Ерасыл Әубәкіровті алдап шақырған. Міне, осы кезде видео қасақана түсірілген. Кейін бұл видеоны Әжімбай whatsapp арқылы Мейірбаевтың әкесіне жіберіп, баласы біреуді өлтіріп жатыр, ал мәйіт көліктің жүксалғышында жатыр деп келтіреді. Оқиға осылайша жалғасын табады", - деді адвокат.

Оның айтуынша, Ерасыл Әубәкіровті қылғындырып өлтіргеннен кейін, оның мәйіті Мейірбаевтың көлігінің жүксалғышына салынған.

"Бұл оқиға 2016 жылдың 3 ақпанында болған, ал мәйіт көліктен 4 ақпанда кешкі уақытта табылған", - деп хабарлады Тельман Әленов. Ал осыдан кейін Аян Мейірбаевтың туысы жүксалғышында мәйіттің барын білмей, көлікті жууға апарған.

"Көлік жуушы жүксалғышты ашып қалғанда, мәйітті көрген. (...) Қыз шошып кетіп, не істерін білмеген, сондықтан мәйіт қала сыртына жеткізілген", - деп түсіндіреді адвокат.

"Сөйтіп, олар (Ерасыл Әубәкіров пен Аян Мейірбаев - Авт.) жәбірленушілер. Ол (Әжімбай - Авт.) видеожазбаны алып, Мейірбаевтың әкесінен 15 пайыз делінген 135 миллион теңгені бопсаламақ болған", - деп білдірді пікірін адвокат.

"Осыдан кейін Әжімбайдың өзі қылмыстық қудалауға ұшырады. Ол өзі полицияға келіп, видеоны көрсеткен, видеоны ойда жоқта түсіріп алдым деген. Ал Әубәкіровті Аян Мейірбаев өлтірді деп мәлімдеген. Мұның барлығы да ақша үшін жасалған", - деп мәлімдеді қорғаушы. Ол Ерасыл Әубәкіровтің Аян Мейірбаевпен де, Нұрбек Әжімбаймен де таныс болмағанын айтып өтті.

"Соталды тергеу барысында бұл істе сексуалдық мәндегі зорлық әрекеттері бар деген тұжырым жасалды. Айыптау актісінде Ерасыл Әубәкіровтің интим қызметтерін ұсынатын адам ретінде көрсетіледі. Бірақ біз барлығымыз бұл нұсқамен келіспейтінімізді айттық, себебі іс материалдарында оның интим қызмет ұсынатын адам ретінде көрсететін материалдар жеткіліксіз. Тараптарды қатар тыңдау кезеңінде алқа билерге осы жай-жапсарды айтып бердік, интим қызметті ұсынды деп айтуға, дәлелдер болуы керектігін айттық. (...) Бұл Ерасыл Әубәкіровтің ар-намысы мен абыройын ғана емес, оның отбасының да, туыстарының да абыройына нұқсан келтіреді. Алқа билердің бұл жағдайды қалай қабылдағанын шын мәнінде көрдік. Дәлелдер болмаса, қалайша мұндай тұжырым жасауға болады, қалайша оны дәлелсіз сексуалды сипаттағы әрекеттерді жасады деп айта аламыз?", - дейді Тельман Әленов.

Сондай-ақ, ол сотталушылардың "Сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттері" бабы бойынша кінәлі деп танылмағанын атап өтті.

Сұхбат барысында Ерасыл Әубәкіровтің әкесі адвокат айтқан мән-жайдың барлығын қолдайтынын жеткізді.

"Мен не айта аламын. Менің адвокатым барлығын растап берді, айтты. Үкімді көңіліміз тола ма, толмай ма, ол маңызды емес, бірақ біз ұлымызды енді қайтара алмаймыз", - деді Өмірбек Әубәкіров.

"Мұнда бір ғана көңіл көншітерлік жағдай бар, көңіл-күйіміз орнына келді, баламызға интим қызмет ұсынумен айналысты деп жала жабылғаны жанымызға батты. Бірақ бұл сөзден құтылдық. Көңіліміз жайланып та үлгермеді", - деді Әубәкіровтер әулетінің адвокаты.

Сот отырысы жабық тәртіпте өтті. Тельман Әленов процесс барысында барлық тараптың сөз сөйлей алғанынына назар аударды. "Сот залында айтары барлардың бәрі тыңдалды. Оның үстіне, сотталушыларға жеңілдіктер жасалды, алқа билердің отырғанына қарамастан, сотталушылардың өз көзқарасы бойынша жалған мәлімет беріп жатқанында да сөзін ешкім бөлмеді. Олардың жауабы шындыққа жанаспады, бірақ судья олардың сөзін бөлмеді, сөйтіп, олар айтқысы келгенінің барлығын айтты. Яғни оларды сот толықтай тыңдады, себебі әділ болды, толық зерттеу жүргізілді, осының барлығы адамдардың үкімді дұрыс түсінуі үшін жасалды", - деді жәбірленуші тараптың адвокаты.

Айта кетейік, бір ай бұрын, 7 қыркүйекте Астанада атышулы іске қатысты сот басталған болатын. 23 жастағы Ерасыл Әубәкіровті өлтірді деген күдікпен сот алдына үш адам келді: Нұрбек Әжімбай, Виталий Шерстенев және Андрей Тихоненко. Оларға "Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету", "Адамды бостандығынан заңсыз айыру", "Сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері", "Адам өлтіру" және "Бопсалау" баптары бойынша айып тағылды.

Ал бүгін, 12 қазанда осы атышулы іс бойынша үкім шығарылды. Оған сәйкес, Нұрбек Әжімбай мүлкі тәркілене отырып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Андрей Тихоненко 16 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Виталий Шерстнев 11 жылға сотталды. Cондай-ақ, сотта Аян Мейірбаевтың кінәлі емес екенінің дәлелі келтірілді. Бұл туралы жәбірленуші тараптың өкілі үкім оқылғаннан кейін айтып берді.

Айта кетейік, бұл істе бастапқыда Аян Мейірбаев күдікті болған еді. Оған қатысты қудалау қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты тоқтатылған еді. Ол тергеу изоляторынан босап шықты.

Еске салайық, биыл ақпанда Астанада медициналық университеттің алтыншы курсында оқитын Ерасыл Әубәкіров жоғалып кеткен болатын. Ол Сарыарқа - Сейфуллин қиылысындағы үйінен сол жағалауға қарай шығып кетіп, табылмаған еді. Кейін, 10 ақпанда оның мәйіті зорлық белгілерімен табылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары