$ 448.56  478.03  4.79

Министр А.Мұхамедиұлын «азғын» деп кінәлаған материалдар интернеттен жоғалуда

Нәпсісін тыя алмады деп айыпталып жатқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының сотқа дайындалып жатқаны белгілі. Ол өзін «азғын» деп видеоүндеу таратқан экс-шәкірті Еңлік Садықованы заң шеңберінде жауапқа тартып, ар-намысын сотта қорғамақшы. Ал, бүгінде министр туралы интернет беттерінде жарияланған кейбір материалдар алынып тасталуда.

Естеріңізге салайық, 9 қазан күні Қазақ өнер академиясының түлегі, экс-актриса Еңлік Садықова Арыстанбек Мұхамедиұлының анайы қылықтары жайында айтып, видеоүндеу жариялаған болатын. Ол өз сөзінде аталған академияның бұрынғы ректоры, бүгінде Мәдениет министрі болып отырған А.Мұхамедиұлын «азғын» деп айыптап, министр қызметінен кетуін талап еткен. Мұнан кейін Еңліктің сөзін Қазақстан халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов та қуаттап, журналистерге сұхбат берді.

Ал, А.Мұхамедиұлының қолында 1999 жылы жұмыс істеген музыкант Роза Бақтығалиева басшысының төсекке тартқанын, көнбеген соң жұмыстан қуып жібергенін айтып, мәлімдеме жасады.

Мәдениет министрі болса тағылып жатқан айыптардың барлығын жала дейді. Айтуынша, бұл алдын ала жоспарланған науқан болуы мүмкін. Сондықтан ол өзі туралы мәлімдеме жасаған қыз-келіншектерді сотқа беріп, жауапқа тартуды көздеп отыр.

Айта кетейік, өткен аптаның соңында КТК телеарнасы Арыстанбек Мұхамедиұлынан «зәбір көрдім» деген тағы бір әйелдің сұхбатын жариялаған болатын. Алайда, арада бірер күн өткенде бұл материал телеканалдың ресми сайтынан алынып тасталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары