$ 480.55  533.75  5.36

Петропавлдағы баскетболшыны өлтіруі мүмкін студенттер ұсталды

Қазан айының басында Петропавл қаласында кәсіби баскетболшы Игорь Нанаевты белгісіз біреулер соққыға жығып, алған ауыр жарақаттары салдарынан спортшы ауруханада көз жұмған болатын. Бүгін өңірдің полицейлері мен прокуратурасы осынау іске қатысы бар күдіктілердің қолға түскенін хабарлады.

Облыстық ІІД басшысы Берік Біләловтың айтуынша, Нанаевты өлтірді деген күдікпен 21 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны қолға түскен. Ұсталған азаматтың студент екені анықталып отыр.

Сондай-ақ, полицейлер 100 адамды сұрақ астына алып, қылмыс болған жердегі бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп жатыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, кісі өлтіруге қатысы бар тағы екі азамат қамауға алынған.

"Қылмыстық істі тексеру барысында ауқымды шұғыл іздеу жұмыстары атқарылып, жаңа деректер пайда болды. Кісі өлтірді деген күдікпен 1994, 1995 және 1996 жылы туған үш жас жігіт ұсталып, Петропавл қалалық ІІБ-нің уақытша ұстау абақтысына жабылды. Тергеу амалдары жүріп жатыр", - дейді СҚО ІІД басшысы Берік Біләлов.

Айта кетейік, ұсталғандардың екеуі Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетінде оқиды. Үшіншісі қаладағы колледждердің бірінде студент.

Естеріңізге салайық, баскетболшы Игорь Нанаев 10 қазан күні жансақтау бөлімінде көз жұмды. Ол денесінен ауыр 8 жарақат алған. Оның ішкі органдары айтарлықтай зақымданып, тістері мен жағы сынған. Нанаевтың сол күні достарымен демалуға шыққаны анықталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары