$ 494.87  520.65  4.91

Тоқтар Төлешов Атыраудағы сотта куәлік берді

Бүгін Атырауда заңсыз митинг ұйымдастырды деп айыпталып жатқан қоғам белсенділері Талғат Аян мен Макс Боқаевтың кезекті сот процесі өтті. Оған куәгер ретінде "Шымкентсыра" АҚ-ның бұрынғы басшысы, шымкенттік олигарх Тоқтар Төлешов қатысты. Сот отырысынан Азаттық радиосының сайты тікелей трансляция жүргізді.

Айта кетейік, Төлешовтің өзі Қазақстан билігін басып алмақ болды деп айыпталуда.

Сот отырысында куәлік берген Т.Төлешов өзінің сыбайласы арқылы Талғат Аянға үлкен сомадағы қаражатты беріп жібергенін мәлімдеді. Алайда, ол серігінің аты-жөнін айтқан жоқ.

- Мен Қазақстандағы билік құрылымын өзгерту мүмкіндіктерін зерттедім. Оны президент орынбасары деген лауазым енгізу арқылы өзгертуді ойладым. Оны депутаттар, қоғамдық ұйымдар арқылы енгізуді зерттей келе, қайраткер ретінде танылмағанымды ұқтым. Негізгі жұмыстарым Ресейде еді. Сайлау өтсе, вице-президент бола алмайтын едім. Қазақстандағы жер реформасын зерттедім. Бұл мені алаңдататын еді. Бұл мәселе арқылы танымал адамға айналатынымды түсіндім. Адамдары батыл батыс аймаққа назар аудардым. Адам іздедім. Талғат Аянды естідім. Қоғамдық белсенді, акциялар өткізген. Жер кодексі маусым не шілдеде күшіне енуіне тиіс еді. Талғат халық күрескері болады деп ойладым. Бір серігіме Талғатты табуды тапсырдым. Талғаттың қоғаммен жұмыс істеп, дөңгелек үстелдер, қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізгенін қаладым. Ол шаралар мүмкін митингілер бола ма дедім, бірақ Талғатқа оны арнайы тапсырғаным жоқ. Оны серігім жеткізді. Талғат 150 мың доллар керек деген екен. Мен келістім, - деді Тоқтар Төлешов.

Мұнан соң ол серіктері арқылы Талғат Аянға 100 мың доллар беріп жібергенін айтты. Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, бірақ ол "қаражаттың Талғаттың қолына тиюін қадағалағысы келмеген".

- Тіпті қаражат діттеген мақсатқа жұмсалмаса да мен үшін бәрібір болды... мен ол кезде вице-президент болуды көздедім - деді Төлешов.

Мұнан соң айыпталушы Талғат Аян мен Макс Боқаевтың адвокаттары сауал қоюға кіріскен еді. Алайда осы кезде байланыс нашарлап, олардың сауал қоюы және Төлешовтің оларды дұрыс естуі қиындап кетті.

Айтакетейік, Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне қатысты сот қазанның 12-сі күні басталған. Олар сәуірдің 24-і күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары