Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе қаласындағы орта мектепте оқушылардың жаппай улануы орын алды. 6-сыныптың алты оқушысы белгісіз иіссу пайдаланған соң шұғыл ауруханаға жеткізізлген. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Facebook әлеуметтік желісінде Маңғыстау аудандық білім бөлімі басшысы орынбасарының шұғыл хабарламасы тараған болатын. Онда барлық мектеп басшыларына ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылған.
Аталған хабарламада айтылғандай, 6-шы сыныптың алты оқушысы «мұсылман» парфюмериясын пайдаланғаннан кейін шұғыл ауруханаға жеткізіліпті. Мұны облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Мамаева да растады.
«Бұл оқиға 17 қазан күні кешкі бес жарым шамасында орын алған. 6-сынып оқушыларының бірі класқа иіссу алып келіпті. Оны бірнеше қыз бала жаққаннан кейін иісі бүкіл бөлмені алып кеткен. Мұнан кейін оқушылардың көздері қызарып, аяқ буындары әлсізденген. Балалар дереу ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер қарауынан өткеннен кейін, сол күні кешкі сағат 20:00 шамасында үйлеріне қайтарылды. Келесі күні барлығы да мектепке келіп, сабақтарына қатысқан», - дейді Гүлмира Мамаева.
Оның айтуынша, қазіргі таңда прокуратура мен денсаулық сақтау басқармасы аталған жайттың мән-жайын тексеріп жатыр. Әлеуметтік желіде аталған иіссуларды балаларға «сақалды» діндарлардың тегін таратқаны айтылғанымен, Білім басқармасы бұл ақпаратты әзірге растай алмайтынын айтуда.