Алматыда 8-ші сыныптың оқушысы жоғалып кетті деп хабарлайды Informburo.kz. 14 жастағы Александра Щербакова бұған дейін үйден қашып, оғаш қылығымен көзге түспеген дейді туыстары. Оның жоғалуына ата-анасы жанындағы досын кінәлап отыр.
Александра Щербакова №122 мектептің 8 "А" сынып оқушысы. Ол 19 қазан күні таңертең үйінен мектепке шығып, содан із-түссіз жоғалған. Анасы Елена Овчарованың айтуынша, оқуына кеткен қызы үйіне мектеп формасы мен портфелін және жол жүру билетін тастап кеткен.
Сашаның отбасы қаланың жер үйлер орналасқан ауданында тұрады. Ол үйдегі үш баланың үлкені. Александраның 11 жасар Ирина мен 5 жасар Виолетта есімді сіңлілері бар.
"Саша таңғы жетіде дәретханаға шығып кетті, бірақ үйге қайта кірген жоқ. Оның үстінде қызыл тоң, бұтында қара шалбар, аяғында қара етігі бар еді. Алғашында мен оны мектепке кеткен шығар деп ойладым. Бірақ, ішім бірнәрсені сезді де, артынан ортаншы қызымды мектепке жібердім. Сөйтсек, Саша мектепке бармаған, уайымнан не істерімді білмей дереу іздеу жарияладық. Әлеуметтік желілер арқылы хабарлама таратып, қазір ерікті азаматтар бүкіл қаланы іздеуде", - дейді жоғалған қыздың анасы.
Оның айтуынша, үлкен қызы үйдегі көмекшісі болған, үнемі кішкентайларына қарап, тамақтарын өзі береді екен. Мектепте де үлгерімі жақсы, достары арасында өзінше құрметке ие.
Елена Овчарова қызының жоғалуына Сергей есімді оның досын айыптап отыр. 16 жастағы жеткіншекпен Саша 3 жылдан бері араласады. Қатынастарының жақын болғаны сонша, Сергей қыздың үйінде қонуға да қала береді екен. Жоғалардан бір күн бұрын екеуі осы үйде қонып, таңертең бірінің артынан бірі үйден шығып кеткен. Алайда, Сергейдің өзі болса түкке қатысым жоқ дегенді айтып отыр.