$ 494.87  520.65  4.91

Шымкент тұрғындары қалада орыс мектептерінің аздығын айтып шағымдануда

Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары қалада орысша білім беретін мектептердің аз екенін айтып шағымдануда. Бұл туралы жергілікті «Отырар» телеарнасы хабарлап отыр.

Жаңа шағынауданға қоныстанған тұрғындар балаларын орысша оқыту үшін бірнеше шақырым жол жүруге мәжбүр екендіктерін айтуда. Өйткені, жақын маңдағы екі мектеп те тек қазақ тілінде білім береді.

5 шақырым қашықтықтағы мектепке қатынап оқитын Олесяның ата-анасы Шымкенттің өзге шағынауданына көшуді жоспарлап отыр. Өйтпеске амал жоқ дейді олар. Орыс тілінде оқытатын №35 мектепке жету үшін үш автобусты алмастыруға тура келеді екен. Жоғары сынып оқушылары өздері қатынаса, кішкентайларды ата-аналары немесе туыстары апарып, алып қайтады.

«Мен Нұр Отанға шағымдандым. Бір жыл бұрын барғанымда партиялықтар көмектесе алмайтындарын айтты. Менің үш немерем бар, екеуі таңертең оқиды, бірі - түстен кейін. Оларды мектепке апарудың қандай азап екенін түсінбейді ешкім. Жаңа шағынауданда орысша оқытатын мектеп ашуға мүмкіндік жоқ дегенге қайран қалып отырмыз», - дейді шымкенттік тұрғын Татьяна Огоркина.

Қалалық білім бөлімінің басшылары болса қолдан әзірге түк келмейтінін айтып отыр. «Нұрсәт» шағынауданында мектеп жетіспеушілігін олар да мойындауда.

«Біз дәл қазір бұл проблеманы шеше алмаймыз. Нұрсәтте тағы бір мектептің құрылысы жоспарда жоқ. Қосымша сыныптарды тағы аша алмаймыз, онсыз да шағынаудандағы екі мектепте оқушы тым көп. Қолдан келетіні - қатынап оқитын оқушыларды автобуспен қамтамасыз ету. Оның өзі келер оқу жылынан бастап мүмкін болады», - дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.

«Нұрсәттің» орыстілді тұрғындары оқушылар үшін берілетін автобусқа да разы екендіктерін айтып отыр. Тек оны келер жылы емес, осы қыстан кешіктірмей берсе екен дейді. Өйткені, күн ерте батып, кішкентай балалар түнге қалып қояды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары