Республикалық «Мен – чемпион» ойынынан оралған Айбатыр Мырзабековты Ақжайық жұрты зор қошеметпен қарсы алды деп жазады «Хабар-24».
Жеткіншек жеңіске жету жолындағы жанқиярлық ынта-жігерімен лезде ғаламтордың жұлдызы айналды. Ол туралы тіпті шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазды. Жас спортшының жанкешті ойынын YouTube каналынан он мыңдаған көрермен көріп, таңдай қағысты.
Арқан тарту сайысындағы бұл сындарлы сәт Айбатырдың атағын әп сәтте-ақ аспандатып жібергені рас. Петропавлда өткен тартысты бәсекеде табандылық танытқан өрен жеңіске деген құлшынысын ісімен дәлелдеді. «Қызыл сызыққа» санаулы сантиметрлер қалса да, қарсыластары қайсар ұлдан жеңісті тартып ала алмады. Ақыры қазылар текетірескен тараптардың тартысын тең деп бағалады. Команадасының кейінгі ойындарға қатыса алмайтынын білген Айбатыр көз жасына да ерік берді.
Айбатыр Мырзабеков, «Мен – чемпион» спорттық ойынының қатысушысы:
- Арқан тартқанда мен өз командамды артта қалдырмайын деп, алға қарай тартып, құрттай он миллиметрдей қалғанда 2-3 минуттай ұстап тұрып тартқан болатынмын. Мен осындай нәтиже көрсеткеніме қуаныштымын.
Ал Ақжайық жұрты Айбатырды зор қошеметпен қарсы алды. Сайыстан оралған «Жайық» командасының мүшелері Тасқала ауылына қарасты шағын ғана Шежін ауылында тұрады. 7-сыныпта оқитын Айбатыр – отбасындағы төрт ұлдың кенжесі. «Ол үнемі спорттық сайыстарға белсене қатысады. Алдына қойған мақсатына жету жолында әркез бар күш-жігерін жұмсайды», - дейді ол туралы бапкері.
Жеңіске деген зор құлшынысын ескерген ұйымдастырушылар Айбатырға велосипед сыйлады. Өжет өрен «Үздік селфи» байқауында да топ жарыпты. «Жайық» командасы жеңімпаз деп танылмаса да, талапшыл Айбатырдың күллі еліміз үшін нағыз чемпион екені анық», - дейді жерлестері.