17 жастағы колледж студенті Әйгерім Оспанбекованы өлтірген такси жүргізушісі бұған дейін 16 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Сотта оның кінәсі толық дәлелденді.
Бұл үкімге келіспеген 26 жастағы ОҚО тұрғыны Әлішер Арғынбаевтың туыстары үкімді қайта қарау үшін апелляциялық алқаға арызданған еді. Алайда, олар "тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айрылыптының" күйін кешіп отыр. Апелляциялық алқа мүшелері студент қызды айуандықпен өлтірген такси жүргізушісіне судья жеңіл жаза берді деп есептейді. Сондықтан, бұған дейін тағайындалған 16 жылға тағы 4 жыл қосып, Ә.Арғынбаевты бас-аяғы 20 жылға бас бостандығынан айырып отыр.
Бұған қоса айыпты марқұмның туыстарына 3 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуі тиіс.
Бұл үкімді естіген қылмыскердің анасы Салиха Арғынбекова алдымен жәбірленушілерге қарай жұдырық алып жүгірсе, кейін есінен таңып құлап қалды. Әлішер Арғынбековтің өзі болса қылмысты жасамағанын әлі де болса қайталап отыр. Ол тергеушілер тарапынан қысым көрсетілгенін айтуда. Сондай-ақ, қайтыс болған Әйгерім Оспанбекованы мүлдем көрген емеспін дейді.
Естеріңізге салайық, қанды қылмыс биыл мамыр айында орын алған болатын. ОҚО-ның Сарыағаш ауданынан Шымкентке таксимен шыққан бойжеткен жарты жолда із-түссіз жоғалып, бірнеше күннен кейін оның өлі денесі табылған еді. Тәртіп сақшылары бұл іске қатысы бар деп такси жүргізушісін ұстап, кейін оның кісі өлтіргені дәлелденді.