$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО Жергілікті полиция қызметінің басшысы қызметінен қуылуы мүмкін

Биыл басы даудан арылмаған ОҚО бойынша Жергілікті полиция қызметінің басшысы Б.Аблаев қызметінен қуылуы мүмкін. Бұл туралы Облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Әбілқасым Досболов мәлімдеді деп жазады Tengrinews.kz.

Оның айтуынша, алда өтетін сессия барысында Жергілікті полиция қызметінің басшысы Балтабек Аблаевты қызметінен босату мәселесі талқыланатын болады. Бұл шешімнің нақты немен байланысты екені айтылмай отыр.

Дегенмен, Абылаевтың мәселесі неліктен күн тәртібіне шыққаны белгілі сияқты. Өйткені, соңғы уақытта оңтүстікқазақстандық полицейлердің басы даудан арылар емес. Мәселен, осыдан бірер ай бұрын Ташкент тас жолында 5 күнде ірі 4 жол апаты орын алып, 12 адам қайтыс болды. Тағы 21 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түскен. Мұнан кейін облысқа Ішкі істер министрлігінен тексеру келіп, бірнеше инспектор жұмысынан қуылды. Ал, олардың басшылары сөгіс алған болатын. Балтабек Абылаев болса ол кезде жауапкершіліктен құтылып кеткен еді.

Араға бірнеше күн салып Жергілікті полиция қызметінің жұмысын облыс әкімі де қатаң сынға алды. Өңір басшысы жер қойнауын заңсыз игерушілерге полиция тарапынан шара қолданылмай отырғанына шүйліккен болатын. Ал, Б.Абылаевтың бұл мәселеге қатысты жауабы әкімді қанағаттандырған жоқ.

Сондай-ақ, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде пайда болған даулы видеоролик те тұрғындардың Жергілікті полиция қызметіне деген ашуын тудырды. Онда түркістандық полицейлердің күдікті әрекеттері әшкереленген. Алайда, бұл жайтқа байланысты түсініктеме берген Балтабек Абылаев өз қызметкерлеріне араша түсіп, видеоны таратқан белсенділердің жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары