ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, еліміздің шенеуніктері «Нұрлы жол» бағдарламасын пайданың көзіне айналдырып алған.
Естеріңізге салайық, кеше аталған мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қыруар қаражатты жымқырды деген айыппен «Бәйтерек» холдингінің 3 лауазымды менеджері ұсталған болатын. Олардың қатарында Мәжілістің бұрынғы спикері Қабиболла Жақыповтың ұлы да бар.
Ал, Қайрат Қожамжаров болса қамауға алынатын шенеуніктердің саны тағы артуы мүмкін екенін айтып отыр. Бүгін журналистерге сұхбат берген агенттік төрағасы «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қаражатқа қол салғандар туралы пікірін білдірген еді.
«Бұл коррупциялық жүйе бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келген. Осы қоғамдастықтың аясында. Өздеріңізге белгілі, "Нұрлы жол" біздің ел үшін үлкен басымдыққа ие бағдарлама. Сондықтан біз оған бөлінген қаражатқа бақылауды үнемі жүргізіп келеміз. Менің ойымша, бұл іске қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылатын тұлғалардың қатары тағы артады. Оны тергеу көрсетеді. Тергеу сондай-ақ, пара берген аймақтарды да, жеке кәсіпкерлерді де анықтайтын болады», - дейді Қ.Қожамжаров.
Тергеу мәліметтері көрсеткендей, Аслан Жақыпов «Бәйтерек Development-тің» басқарушы директорлары Бауыржан Әйтімбетов және Ғазиз Сариевпен ауыз жаласып «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қыруар қаржыны тендерден кәсіпкерлерге алып беру үшін ауысбастырық алып отырған. Топ-менеджерлердің үшеуі де кезекті 28 миллион теңгені алу сәтінде қолға түсті. Бұл ақшаға Павлодар қаласында бюджеттің 3 миллиард теңгесіне салынып жатқан 9 қабатты үйдің актісіне қол қойып бермек болған. Тергеу материалдарына қарағанда , топ-менеджерлер арзан үй салуға бөлінген қазына қаржысын осылай жүйелі түрде жымқырумен айналысыпты.