$ 448.15  483.46  4.86

Қоршаған ортаны қорғау – баршаның міндеті

Сенатта Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында биологиялық алуантүрліліктің сақталуын заңнамалық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.

Өзінің кіріспе сөзінде Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық әралуандықты сақтау әрбір мемлекеттің, әсіресе, табиғи ресурстарға бай Қазақстан сияқты елдердің өте мұқият қорғауға жататын маңызды ұлттық мүдделерінің бірі екенін атап өтті. Біздің еліміз биоресурстардың әралуандығы және өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің саны жағынан Орталық Азия мемлекеттерінің арасында жетекші орын алады.

Қ.Тоқаев халықаралық қауым­дас­тық жоғалып бара жатқан биоло­гиялық әралуандық мәселесіне баса назар аударып отырғанын айтты. БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы жаңа бағдарламаның басты бағыт­тарының бірі биологиялық алуан­түр­лілікті сақтау және оны жоғалт­пау­дың алдын алу мәселесіне арналған.

«Біз табиғат пен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған көптеген халықаралық конвенцияларға қосылдық, – деді Төраға. – Жуырда Парламент Сенаты қоршаған ортаға шығарылатын қоқыстарды азайту мен климаттың өзгеруін алдын алуды нығайту жөніндегі бірқатар шараларды қамтитын Париж келісімін ратификациялады».

Қ.Тоқаев біздің елімізде қор­шаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайда­ла­нудағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиісті заңнамалық базасы қалыптасқанын еске салды. Эко­логиялық кодекс, «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Радиациялық қауіпсіздік тура­лы» және басқа да заңдар қабыл­данған.

Сенат Төрағасы біздің еліміз­дегі жағымсыз көріністерге де назар аударды. Ғалымдардың пікірі бойынша, Қазақстанда соңғы он жыл­да еліміздің орман қоры тұтас­тай алғанда 10 пайызға, Алтай орманы 13 пайызға, Іле Ала­тауының тау бөктеріндегі алма бақтары төрттен бірге дерлік (25 пайызға) қысқарды. Су теңгерімінің бұзылуы, өзендердің ластануы Сырдария, Ертіс және Іле өзендерінің экологиялық жағдайларының нашарлауына әкеп соқтырып отыр.

Қазақстандағы биологиялық алуантүрлілікті сақтаудағы қабыл­данған іс-шаралардың жеткілік­сіздігінен, Қ.Тоқаевтың айтуынша, жануарлардың және өсімдіктердің кейбір түрлерінің толығымен жойылып кету қауіпі төніп тұр: «Ресми түрде омыртқалы жануарлардың 126 түрі, омыртқасыздардың 96 түрі және өсімдіктердің 387 түрінің жойылып кету қаупі бар. Мысалы, өткен жылдың мамырында ақбөкендер санының 90 пайызға жуығы қырылып қалды. Бұл экологиялық апатқа пара-пар факт».

Қ.Тоқаев тиісті мемлекеттік органдар Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасынан кейін ғана ақбөкендердің жаппай қырылуының бастапқы себептерімен егжей-тегжейлі айналыса бастағанын еске салды.

Сенат Төрағасының пікірінше, биологиялық әралуандықты сақтау мәселесінде біздің елімізге жаңа көзқарас қажет: «Ең алдымен, био­логиялық әралуандықтың компо­ненттерін сақтауды және тұрақты пайдалануды ынталандыратын экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан нақты шаралар қажет.

Қ.Тоқаев: «Жануарлар мен өсімдіктерді шығыс медицинасында пайдаланатынын айтып пайдакүнемдікті көздейтіндерге табиғи байлықты беруге болмайды. Қазақстанның флорасы мен фаунасын шетелге шығаруды жедел тоқтату керек», – деді.

Тыңдау барысында негізгі баян­даманы Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жасады. Ол сенаторларды биологиялық әралуандықты сақтау және оны тиімді пайдалану, сондай-ақ Қа­зақ­стан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөнін­дегі министрлік қызметінің басым­дықтары туралы хабардар етті. А.Мырзахметов ормандарды қор­ғау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесінің қызметі, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен балықтардың санын қалпына келтіру жұмыстары жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.

Тыңдау барысында Білім және ғылым министрлігі «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК бас директоры Гүл­нара Ситпаева, Білім және ғылым министрлігі «Биологиялық қауіп­сіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты» РМК бас директоры Абылай Сансызбай, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин, Ресейдің Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) директоры Екатерина Воробьева (Мәскеу қаласы), Қазақ­стан­дағы Биологиялық әралуан­дықты сақтау ассоциациясы дирек­торының орынбасары Сергей Скля­ренко, Қазақстандағы биоәр­алуан­дық жөніндегі БҰҰ даму бағдар­ламасы жобасының ұлттық үйлес­тірушісі Талғат Кертешев сөз сөйледі.

Депутат Жабал Ерғалиев Қазақ­стандағы ормандардың жойылып бара жатқаны және бағалы дәрі­лік өсімдіктерді аяусыз пайдалану мәселелеріне назар аударды. Атап айтқанда, кеден органдары­ның мәліметінше, 2011 жылы Қазақстаннан 4220 тонна мия тамыры, 2012 жылы оның 17121 тоннасы, тек 2013 жылдың 6 айында 9332 тоннасы шет елге шығарылған. Басқа мемлекеттерде бұл өсімдік жойылып кетуге шақ қалды, соған байланысты Қытай, Иран және басқа да елдерге ол ауқымды көлемде жіберілуде.

Сенатор Дариға Назарбаева био­әралуандықты сақтауды бюджеттік қаржыландырудың шектеулі мүмкіндіктерін ескере отырып, осы саладағы міндеттерді шешу аясында мемлекеттік органдардың, ғылыми-техникалық институттардың, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жауапкершілігін дәл анықтау туралы ұсыныс айтты.

Пікірсайысқа сенаторлар Ақан Бижанов, Нұрлан Қылышбаев, Бек­мырза Еламанов, Қайрат Ища­нов, Икрам Адырбеков, Мұратбай Жол­­дас­баев, мемлекеттік органдар­дың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Жиынды қорытындылай келіп, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігі мен халықаралық ұйым­­дарды биоәралуандықты сақ­тау жөніндегі жұмыстарды белсен­ді жалғастыруға шақырды. Төраға сондай-ақ осы мәселені Сенат ба­қылауда ұстайтынын және мем­лекеттік маңызы бар салаға заңна­малық тұрғыда қолдау көрсеті­летінін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары