Үш ай бойы ес-түссіз хал үстінде жатқан 6 жасар Вика ақыры қайтыс болды. Осы уақыт аралығында дәрігерлер оның туыстарына үміттің жоқ екенін бірнеше рет айтса да, қыздың қос әжесі сәбидің соңғы демі үзілгенше күрескен еді.
Виктория Мининаның қайтыс болғандығы туралы ақпаратты оның туғандары хабарлады. Осыдан бір айдай уақыт бұрын дәрігерлер сәбидің миы өлген деген қорқынышты диагноз қойған болатын. Өкінішке қарай, 6 жасар қыз сол күйі есін жимастан 21 қараша күні кешке көз жұмды.
Виканың әжесі Анжелика Насырова сәбиді аман алып қалу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысып баққан еді. Тіпті, шетелдік дәрігерлермен байланыс ұстап, немересін кубалық және америкалық мамандарға емдету үшін біраз әрекет еткен болатын.
Айта кетейік, биыл тамыз айының соңында әжесінің жанында ойнап жүрген Виктория Мининаны белгісіз ер азамат алдап әкетіп, Ақтаудағы саяжайға апарып зорлап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға түскен бүлдіршін сол уақыттан бері есін жиған жоқ. Ақтаудағы дәрігерлер көмек көрсете алмағандықтан Вика Астанадағы ауруханалардың біріне жеткізілген болатын. Кішкентай қызға көмектесуге Ресейден де білікті мамандар алдырылды. Алайда, бұл шаралар өз нәтижесін берген жоқ.
Ал, полицейлер болса араға бірнеше күн салып күдікті ер азаматты қолға түсірді. Қазір ол қамауда, тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.