Үкілеген үмітті алға оздырып, ұрпақтың қажетіне жарасын, бойына қажыр, ой санасына білім нұрын құйсын деп төл оқулығымызды жарқыратып жарыққа шығарғанымызға да жиырма жылдан асып барады екен. Бұл кезінде ел тарихындағы елеулі оқиға ретінде бағаланды. Шындығы да сол болатын. Өйткені, 70 жыл бойы өзгенің тарихын, өзгенің өмірін оқып келген ұлт ұрпағы енді тәуелсіз елінің бүтін болмысын, ата-бабасының өткен жолын, бүгінін, келешегін танып-білуге мүмкіндік алды.
Иә, төредей болып төрге шыққан оқулықтардың озықтары да, әлі де арқауы бостары да болмай қоймады. Осы екі жағдай екіұдай пікірге арқау болып келе жатқаны да рас. Мұның себебін әр тараптан іздеуге болар. Біздің топшылауымызша, кеңес заманы күйреген соң, білім саласын зерттеп, түйін жасап келген КСРО Педагогика ғылымдар академиясы өзге жұртта қалды да, ендігі жерде өзімізше тірлік ету қажеттігі туындады. Осыны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерте аңғарып, тәуелсіз елдің білім беру ісін ғылыми негізде жүйелеп отыратын үлкен бір білім мекемесін құруды тапсырды. Осы тапсырманың аясында бұрынғы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогика ғылыми-зерттеу институты қайта жасақталып Ұлттық білім академиясы болып құрылды. Оған Алматыдан еңселі ғимарат әзірленіп, ашылу салтанатына Мемлекет басшысы өзі қатысып, тұсауын кесіп, батасын берген еді. Академия құрамында екі институт жұмыс істеді. Кейін Елбасы іргетасын қалаған сол академияны әлсіретіп алдық. Оның себебі, орталықтар ашылып, академияға тиесілі жұмыстар солардың қанжығасында кетті.
Мұның бұрыс-дұрысын уақыт еншісіне қалдырып, әңгіме желісін басты тақырыпқа бұралық. Төл оқулықтарға қосымша балама оқулықтар шыға бастады. Мұны жұрт онша қабылдай қоймады. Қалай десек те, қазақ жұрты оқулық жазудан айтақырда қалған ел емес. Әрқайсысы бір-бір оқулыққа татитын ұлтымыздың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, бертін келе Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясына» енді. Сондай-ақ өткен ғасырдың басында ұлт баласы жаппай мектеп табалдырығын аттағанда, Алаш арыстары мамандығына қарамай, оқулық түзгені де белгілі. Мысалы, Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов «Тәрбие жетекшісі», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау», Халел Досмұхамедов «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі», «Оқушылардың денсаулығын сақтау», Қаныш Сәтбаев «Алгебра» секілді оқулықтар жазған. Әрине, бәрі бірдей төрт аяғын тең басып тұрмаса да, жақсы ниеттен туған бұл оқулықтар кезінде ұлт ұрпағына өлшеусіз қызмет еткені анық. М.Жұмабаевтың «Педагогикасы» мен Ж.Аймауытовтың «Психологиясы» қазір де құндылығын жойған жоқ.
Білім және ғылым министрлігінде оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды, соның ішінде электрондық жеткізгіштердегі құралдарды, сараптама және сынақ жүргізу нәтижелерін қарастыру жөніндегі Республикалық комиссия жұмыс істейді екен. Онда пәндік комиссиялар жасаған тұжырымдар сарапталады. Осы арада мына бір жаңалықты айта кетсек дейміз. Ол қаптаған баламалы оқулықтардың орнына ең жақсы деп табылған бір базалық оқулықты ғана пайдалану ісі биылдан бастап білім жүйесіне енген еді. Мұғалім берген білім бір бөлек те, жүйелі жазылған оқулықтан алған нәр мәуелі бәйтерекке сіңірген судай екені сөзсіз. Бас-басына оқулық жазып шығарған соң мектепке телитіндерге осылайша тосқауыл қойылды.
Жалпы, бізде кейбір бастамалар әдемі түрде қолға алынады, артынан қожырап кетеді. Соның бірі осы баламалы оқулықтар дер едік. Алғашында осы баламалы оқулықтар жан-жақты сынақтан өтеді, таңдаулысы, не бірнешеуі біріктіріліп, базалық оқулықтың негізін қалайды деген жақсы жоралғы айтылған болатын. Бірақ әр автор өзінше бір әлем болып кетті. Кітаптардағы әртүрлі деректер мен байламдар оқушыларды шатастырды. Әсіресе, ҰБТ кезінде талапкерлерге көп кесірін тигізді. Ақиқатына келсек, оқулық көп жағдайда ұжымдық еңбек екенін естен шығарып алатынымыз бар. Егер педагогика саласын жетік білетін ғалым, оқу ісін бес саусағындай меңгерген әдіскер, алдындағы балалардың қалауы қандай дегенді көңіліне түйген ұстаз жазса, жемісті болары сөзсіз. Кейде мұны ескермей жататынымыз өкінішті. Осы арада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда ел газетінде жарияланған «Ұлы Дала ұлағаттары» атты кітабының «Туған тілдің тұғыры» деген бөліміндегі «Бізде әлі де бойымыздан арылмай келе жатқан бір жаман әдет бар. Ол әуелі бастамаға бірден үн қосып, дүркіретіп әкетеміз, сосын уақыт өте келе істің аяғын сұйылтып, тіпті әрі-беріден соң кейбір қажетті іс-шаралардың ізіне су құямыз. Азаматтың қандай екені оның бастаған ісінен ғана емес, аяқтаған ісінен көрінеді. Бұл тұрғыдан келгенде, мойнымыз жар бермей, жарты жолда солықтап, іс аяғын ақсатып кететініміз бар. Осы кемшіліктен арылу керек», деген сөзі ойға оралып отыр. Төл оқулықты жазу кезінде де осындай кемшіліктер кетті. Сондықтан да болар, әңгіменің жиырма жылдан бері тыйылмай келе жатқаны. Тіпті, кей азаматтар бизнес көзіне айналдырып алмады ма деген ой мазалайды.
Оқулық жазу оңай іс емес. Оқулықтың авторы атанып бүгін абырой алғанмен, ертең көңілден шықпаса ұрпақ тағдыры алдыңнан көлденеңдеп кетпей қояры хақ. Соны түсінген, түйсінгендер оқулық жазудан ат-тонын ала қашатынынан хабардармыз. Мектеп оқулығы ұлттық қауіпсіздік десек, қателесе қоймаспыз. Мұны әлем жұртының озық адамдары айтудай айтып келеді. Біз өз ғалымдарымызбен, өзге жұрттардың оқымыстыларымен оқулық жайлы ой бөліскенде, олар бұл өте азапты дүние, қиынның қиыны екенін айтқаны бар. Ұрпақ алдында қателессең, кінәлісің, күнәлісің дейді олар. Әрбір ұл мен қызды көз алдыңа елестетіп көрші, олар саған тағдырын тапсырып отыр. Ендеше, жауапсыздыққа салынуға еш хақың жоқ дегенді еске салады.
Жоғарыда аз-кем келтірген «Оқулық» орталығының мәліметтеріне ден қойсақ, бәрі мінсіз атқарылып жатқандай. «Онда неге оқулық туралы пікірталастар көбейіп тұр?» деген сұрақ шыңыраудағы құдық суындай жылтырай береді? Әлде қағаз жүзінде бәрі жақсы, істе іркіліс көп пе?
Оқулықтар туралы бұрынғы айтылған пікірлерді елемегеннің өзінде соңғы кездегі 1-ші сыныпқа арналған құралдар туралы жұртшылық арасындағы қаулаған әңгіме ойға қалдыра береді. Сөзімізге дәлел келтірелік. Халық қалаулысы, айтулы өнердің өрен жүйрігі Бекболат Тілеухан «Сауат ашу» пәні туралы Білім және ғылым министріне сауал жолдап, ақын Ахмет Байтұрсынұлы жасаған «Әліппеден» неге қол үздік дегенді ашынып ашық айтты. Иә, өткен ғасырдың 30-жылдары сауатсыздықты жою деген болған. Ол кезде шынында, сауатсыздар болған. Ал қазір өркениетке ұмтылған сауатты елдің ұрпағына «Сауат ашу» сабағын ұсынуымыз қалай болды деген сұрақ кімнің де болса көкейінде тастай тығылып тұрғаны анық. Сауат ашу деген артта қалған елдерге тән қасиет болса керек еді. Көршіміз Ресей жұртының «Букварі» 1618 жылы жарық көріпті. Әлі бас тартқан жоқ. Бұл қалай деген сұраққа министрліктің өкілдері «Әліппенің» аты өзгергенімен, заты өзгерген жоқ» дегенді көлденең тартады. Әліппе әріптен басталатын еді. Ал «Сауат ашу» сабағы тақпақ жаттаудан, яғни «Алақай-ау, алақай! Алақай-ау, алақай! Бұдан былай мен енді, Емеспін жай балақай. Осыдан да көлемді, Оқи алам өлеңді. Бардым бүгін мектепке, Оқушымын мен енді!» дейді. «Сөйлеу», «Сөйлем», «Сөз», «Буын», «Дыбыс», «Мен ақынмын», «Өз үйімді сипаттаймын», «Нәтиже сабақ» деп кете береді де, «Сауат ашу» кітабының бірінші бөлімінің 35-ші бетінде әліппенің «А» деген әрпі алдыңнан шығады. Ал «Көркем еңбек» кітапшасында 6 жасар балаға «Автопортрет деген не екенін білесің бе?» деген сұрақ қояды. «Композициядағы пішім», «шаршы», «тік», «аппликация», «суретші мен оның автопортреті» (М.Сарьян. Автопортрет) деген секілді сөздер алдыңды ораса, «Математика» оқулығында «Шығарып көр» деген екі сөзден кейін қанша дәптер бар, қанша альбом бар дейді. Сонда «Шығарып көрдің» ар жағында нені деген сұрақтың жатқаны хақ. Тағы бірде «Орындап көр» дейді де, «Музыкалық ноталарды ата, олардың саны қанша?» деген сұраулы сөйлемдер тұрады.
Осы оқулық туралы мұғалімдер редакцияға жіберген жазбаларында өздерінің ой-байламдарын, тұжырымдарын алға тартады. «Биыл ұсынылып отырған жаңартылған білім мазмұнына сай «Сауат ашу» делінетін оқулық бұрыннан өзіміз оқып таныған сүйікті «Әліппенің» орнын басқан, жаңалық шығар деп қуандық. Оқулықтың алғашқы бетін ашқанда алғашқы әліппе кезеңіне дейінгі алғашқы ұғымдар қалыптасады делінеді. Яғни, алғашқы бетінен бастап оқи беруің керек. Бірақ барлық ұл мен қыз балабақшаның дайындық бөлімінде болмағандықтан, оларға бұл пән ауырлық келтіріп отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Күрделі талдаулар қиынға соғып жатыр. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін балалар талдау жұмысына қатысады. Ал орыс тіліне бейімдері шет қала береді. Оларды қатарға тарту да оңай болып жатқан жоқ. Бұл оқулыққа қажетті көмекші құралдар аталады. Айталық, берілген тапсырмалар көбінесе, «болжа және өлше» деген ұғым нәтижелерін әр оқушы тәжірибе жүзінде дәйектеу керек. Бұл дайындықтан өтпеген бала үшін қиынның қиыны. Әлгі «болжа, өлше» дегенге қажет зат балалардың қолында болуы тиіс. Оны кез келген ата-ана балаларына ұқыптап беру жағын әлі толық меңгере алмай отыр», дей келіп алдын ала дайындықтан өтпеген баланы ескермей, бәріне бірдей ұғымды тықпалауға не жорық екенін алға тартады. Осындай істелген істің олқылығы көп жұртты ойландырып отырғанын айтып: «Бұл оқулықтың негізгі айтпағы, қазіргі үрдіс солай, айтсаң түсінемін, көрсетсең есіме сақтаймын, өзіме жасатсаң үйренемін дегенді меңзейді. Тағы бір талап – мұғалім бағыттаушы болса, оқушы бәрінің шешімін өзі тауып, қорытынды жасап отыруы тиіс көрінеді. Тағы қайталап айтамыз, мұны мүлтіксіз орындау үшін еліміздегі барлық қала мен даламыздағы білім ұяларының 1-ші сыныбына баратын тарыдай бүлдіршіндер мектепалды дайындықтан сапалы өтіп, әріп пен санды бес саусағындай білуі тиіс емес пе? Және ата-ана мен мұғалімнің байланысы мықты болуы қажет делінеді. Бұл да ойландырады. Барлық ата-ана мектеппен байланыс жасай ала ма? Ата-аналардың мектепке кіруінің өзі қиынға соғатыны және бар. Егер бұл оқулық алдын ала сараптаудан өтсе, жұрт талқысына түссе, мұндай түсінбеушілік болмас еді», – дейді хат жолдаушылар.
Мектеп мұғалімдерінің ұсыныстарына да тоқтала кетелік. «Кітап «Әліппе» деген өзінің дәстүрлі атымен аталса, сауат ашу пән аты емес, мақсаты деп ойлайтынымыз еске алынса, «тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым» принциптері шет тілін оқыту әдістемесінен алынған. Алдымызда отырған бірінші сынып оқушылары ана тілді балалар емес пе? «Сауат ашу» оқулығындағы кейбір тапсырмаларды ұсыну барысында бірінші сыныпқа мектепке дайындығы әртүрлі балалар келетіні ескерілсе; дауыс интонациясына байланысты сөйлемді табу сызбалары берілгенде тыныс белгілері, нақтылай түссек, леп белгісі, үтір туралы да айтылса, бұған қоса әр сөйлемді сызбаға салу оқушылардың ойын еркін жеткізуге мүмкіндік бермейтінін де естен шығармасақ; «әрі қарай не болатынын болжап көр» деген тапсырмаларды бергенде, бір ғана комбайншыны ғана емес, әртүрлі мамандық иелерін де көрсетіп отырсақ; «а» дыбысы мен әрпі «Менің мектебім» тақырыбында ғана емес, бала өмірінде ерекше орын алатын, жақын саналатын ана, ата, апа ұлтқа жақын мәтіндерді қолдансақ; кей тұста берілген тапсырмалар шартты белгілермен сәйкес келмейді. Ондай кезде «қандай өзгеріс байқадың?» «қорытынды шығар» деп тапсырманы топтық жұмысқа емес, ойлану, іздену тұрғысында ұйымдастырса» деген тілектерін алға тартады. Мұнымен қатар, «ізден», «жаңа ақпараттық тапсырмалар тап» деу бірінші сынып оқушыларына ауыр тиетінін алға тартады. Осыны барлық оқушы ойлана отырып орындай алатын тапсырмалармен ауыстырылуын, әсіресе, кітаптың бірінші бөліміндегі күрделі тапсырмаларды жеңілдету мәселелерін қозғайды. Бір сөзбен айтқанда, бірінші сыныпқа арналған жаңа оқулық оқушыға да, ата-анаға да, мұғалімге де ауыр соғып отыр. Осы кітапты құрастырушылар көп жағдайда елдің тұрмыс-тіршілігінен, мектеп табалдырығын аттайтын үміткерлердің хал-ахуалынан хабарсыз ба деген ой да жоқ емес. Әлде кітапты құрастырушылар да, сыннан өткізгенде де өз «беделдерін» ойлады ма екен? Қалалардағы үкілеп баққан ұл-қыздың ой-өлшемімен жасаған оқулық қашанда осылайша сынға ұшырайтыны әлімсақтан белгілі. Ең өкініштісі, қандай істің де ғылыми негізі қаланбаса, халық қабылдамайды. Бұл істе солай болып тұрған тәрізді. Біздің жоғарыдағы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы туралы әңгіменің астарында осы ғылыми-зерттеу мәселесі жатыр еді. Оның үстіне оқулыққа «Оқулық» орталығы емес, авторы, баспа ие көрінеді. Сол автор мен баспа ұрпақ мүддесіне бір өз қамын ойлап кетіп жатқан жоқ па? Сондықтан оқулық мәселесін бір жүйеге түсіріп, бір қолға берсек қалай болар екен.
Білім саласындағы көп реформа ғылыми негізі болмағандықтан, шенеуніктердің шетелден көргендерін елдік менталитетімізді ескермей енгізе салуынан опа таппай келе жатқан секілді. Мұны атам қазақтың бір сөзімен айтар болсақ, жеті өлшеп бір кеспеудің кесірінен бе дейміз. Айналып келгенде айтарымыз, елдік істі әсіресе ұрпаққа қатысты жұмыста ала-құлалық болса, абыройдың артпайтынын, қайта беделдің кемитінін көріп жүрміз. Бұл, әсіресе, қазақ жұртының азаматтарына сын екенін ескерсек, қане. Осы жерде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мемлекетіміздің діңгегі қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтыкі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында» деген терең мағыналы сөзі ойға оралады. Ендеше, елдік істе, әсіресе ұрпақтың алдында ұятқа қалмау жағын қай-қайсымыз да жете ойласақ, келешегіміз саналатын жастық алдында арымыз да, жанымыз да таза болары хақ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»