Соғым етінен қазы айналдырған отбасы жұрт назарына түсті. Олар жылқы қазысын ішекке емес, шүлыққа салып айналдырған, деп хабарлайды Экспресс К.
Бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Видеодан соғым сойған отбасыны көруге болады. Жылқы етін тұздаған олар, қазысына келгенде қызық әдісті қолданады. Яғни, ішекке емес, капрон шұлыққа салған.
Қандай ішек деп сұрап жатқандарға айтайын. Бұл шұлық. Біздің жақта қазыны осындай капрон шұлыққа салады. Ішекке салмайды, оған шұжық жасаймыз. 2 күн тұздап, дайындалған қазы шұлықта жақсы сақталады. Майы жылжып кетпейді,
— дейді бейнежазба авторы.
"Солтүстік қазысы" деп жарияланған бейнежазбаға жазылған пікір көп. Басым бөлігі қазының қадірін түсірді деп сынап әлек.
"Шұлықтан кейін ішкиімге салатын шығарсыңдар бір күні". "Қазының қадірі кетті-ау". "Солтүстікте қанша жыл тұрсам да, бірінші рет көруім". "Құрсын, солтүстікке барсам қазы жемей-ақ қойдым. Асты арамдап не болды". "Масқара, адамдар не болып кеткен",
— деген жазбаларын қалдыруда желідегі жұрт.