Алматы облысының Жамбыл ауданында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан 140-қа жуық үйді су басты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, аудандық маңызы бар КВ-10 Ұзынағаш – Бесмойнақ тас жолында Шиен және Қараарша ауылдарына жақын жерде тасқын су жолдан асып кеткен. Жол бойында сел, лай мен тастар пайда болғаннан кейін жол көлік қозғалысына жабылды. Сондай-ақ орташа қысымды газ құбырының бір бөлігі (шамамен 70-80 метр) зақымданған.
Шиен ауылында 140-қа жуық үйдің ауласын су басты.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сондай-ақ Ұзынағаш қаласында орналасқан 28237 әскери бөлімінің 30 әскери қызметкері келді.
Төтенше жағдайлар департаменті Қараарша ауылы тұсындағы Ұзынағаш-Бесмойнақ жолының 54-шақырымында көлік қозғалысы қайта жанданып, жол жиегі тас пен лайдан тазартылғанын хабарлады.
Су басқан үйлердің аулаларынан су тартылып жатыр.
Су деңгейі төмендеді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, – делінген Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.