2019 жылдан бері АӘК алмайды. АӘК алмағандықтан шешесі сиыр сауып, базарға сүтін сатып жүрген.
Аягөзде тірідей жанып кеткен бір отбасының төрт баласы туралы тың дерек шықты. Журналист Гүлбану Әнияттың жазуынша, төрт баланың анасынан «жәрдемақыдан өз еркіммен бас тартамын» деп жаздырып алған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қайғыдан қан жұтқан балалардың әкесі талып қалған.
«Аягөздегі оқиға бойынша соңғы деректер. Бір күнде төрт баласынан айырылған әке-шешесі ессіз, талып жатыр. Әкесі Аягөздегі «Қазығұл» жекеменшік ауруханасында жедел жәрдем көлігінде шопыр болып қызмет істейді. Алатын айлығы - 120 мың теңге. Шешесі жұмыссыз. 2019 жылы 1-2 квартал ғана АӘК алған. Сосын қолдарыңда мал бар деп, АӘК-тен «өз еркіммен бас тартамын» деп жазғызып алған. 2019 жылдан бері АӘК алмайды. АӘК алмайтын себепті шешесі сиыр сауып, базарға сүтін сатып отырған. Төрт баланың біреуі мүгедек болыпты деп жатыр. Ақпарат нақтылауды қажет етеді. АӘК-ті қолыңда малың болса ала алмайсың деген жерін алып тастау керек. Қазір малдың жем-шөбі өзінің құнынан да асып кетеді. Одан келетін қандай кірісті көріп отыр? Тауықтың жұмыртқасынан кіріс санап жүрген біздің Үкіметте сол тауық құрлы ми жоқ», - деп жазды журналист.
Еске салсақ, кеше Аягөз ауданында бір үйдің 4 баласы тірідей жанып кеткен. Жергілікті тұрғындардың бірінің үйінде газ баллоны жарылып, үйдің тұтастай төрт баласы көз жұмған.