04.01.2024, 12:20

Атыраудағы жарылыста күйіп қалған тағы бір адам көз жұмды

Фото: pixabay.com

Дәрігерлердің бағалауынша, ересек адамдардың денесінің 90-95 пайызын күйік шалған. 

 

Атырауда тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылып, бір отбасының бес адамы ауруханаға түскен еді. Кеше 1965 жылғы ер адам, ал, бүгін 54 жастағы әйел аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растаған дерекке қарағанда, ауруханада қайтыс болғандар – ерлі-зайыптылар.

Атырау қаласының Көкарна ауылындағы тұрғын үйдегі жарылыстан бес адамды күйік шалып, олар ауруханаға жеткізілген еді. Зардап шеккен үш ересек адам облыстық аурухананың, ал, 2021 және 2023 жылғы балақайлар облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды» деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Дәрігерлердің бағалауынша, ересек адамдардың денесінің 90-95 пайызын күйік шалған.

Ал, балалардағы күйіктің мөлшері – 80 пайыз шамасында. Баланың бірі – төрт айлық.

Бүгін, 4 қаңтарда газ-ауа қоспасының жарылысынан зардап шегіп, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түскен екінші адам қайтыс болды. Ол – 1970 жылғы әйел» деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бұған дейін Атырауда тұрғын үйде газ жарылып, 5 адамды күйік шалғанын жазғанбыз. Ал кеше, 3 қаңтарда жарылыстан зардап шеккен ер адам ауруханада қайтыс болды.