$ 494.87  520.65  4.91

«Дала қырандары» қолдан жасалған заңсыз ішімдіктер сатылатын дүкендерді анықтады (ФОТО+ВИДЕО)

Бұл этил спирті араласқан сұйықтықты 1,5 жылдай тұтынған адам соқыр болып, аяқ-қолы қозғалмай қалуы мүмкін.

Фото: Skifnews.kz
Фото: Skifnews.kz

Заты бар, бірақ, атауы жоқ ішімдік толы бөтелкелер.  Дәл осылай. Астана дүкендерінде сыртында атауы жоқ, тіпті, құрамы мен өндірушісі белгісіз заңсыз алкогольді ішімдіктер сатылып жатыр. Ал әлгі ішімдіктерді ішкен адамның денсаулығы бірден сыр береді. Бүгін «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі Астана қаласы «Байқоңыр» ауданында қолдан жасалған алкогольді ішімдіктерді сату нүктелерін анықтау мақсатында рейд жүргізді. Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісі азаматтық бақылау аясында рейдке қатысып қайтты.

Фото: Skifnews.kz

Бүгін, 30 наурыз 2024 жылы «Дала қырандары» ЖҚБ мен БАҚ өкілдері Лермонтов 45а мекенжайындағы «Оразбек» шағын дүкеніне барды. Дәл осы жерде адам ағзасына аса қауіпті заңсыз спиртті ішімдік сатылуда.

Бірлестік мүшелері бір топ болып дүкенге кіріп келгенде сатушы сасқалақтап қалды.

Дүкендегі үстелдің астындағы жәшікте ішімдік құйылған 0,5 литрлік бөтелке көп болды. Олар оны көз алдында ұстамайды, алайда, осы ішімдікті сатып алатын дүкеннің тұрақты клиенттері мұнда заңсыз алкоголь барын біледі. Этикеткасы және жапсырмасы жоқ шөлмек 500 теңгеден сатылуда. Дәл осындай көлемдегі басқа заңды арақ өнімдерінің бағасы нарықта кемі екі мың теңгеден асады.

«Бұл этил спирті араласқан сұйықтықты 1,5 жылдай тұтынған адам соқыр болып, аяқ-қолы қозғалмай қалуы мүмкін. Ақыр соңында адам денсаулығынан айырылып, түкке жарамсыз боп қалады. Жергілікті дүкендерде оны арақ атын жамылып, бекерге сатады. Бірлестік мүшелері бұл дүкенге шамамен бес рет келген, алайда, дүкен ешқашан жабылмай әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Онымен қоймай, атауы жоқ, зиянды ішімдікті өз клиенттеріне сатып келеді. Біз келіп, «мұндай зиянды және заңсыз ішімдікті сатпаңыздар!» дегенімізбен, олар біз кеткен соң бөтелкені сөреге қайта шығарады. Сөйтіп, сатуды жалғастыра береді. Себебі дүкен сатушыларында ортақ чат бар. Сатушылар бір-біріне рейдтің қай күні жүргізілгенін, өнімдер тәркіленді ме, жоқ па, келесі қай дүкен екенін ескертіп айтып отырады. Сондықтан қазір бір дүкеннен болсын мұндай заңсыз ішімдікті алып тастауға үлес қоссақ дейміз», - деді «Дала қырандарының» мүшелері.

Сатушының айтуынша, ол өндірушінің кім екенін білмейді. Тек Өскеменнен жеткізіледі деген болжам бар. Ол соңғы партияны сатып жатқанын және бұлай қайталанбайтынын айтты.

Дегенмен «Дала қырандары» заңсыздықты тоқтату мақсатында дүкенге аумаққа қарайтын полиция қызметкерін шақырды.

Фото: Skifnews.kz

Сатып алушы адамға арыз жаздырып, тиісті құжаттарды тіркеп алып кетті. Нәтижесінде дүкеннен 52 бөтелкеге құйылған 26 литр «суррогат ішімдікті» тәркіледі.

«Байқоңыр ауданындағы адамдарға жанымыз ашып, күн сайын рейд жүргіздік. Осылайша, мұнда «суррогат спиртін» сататындарын анықтадық. Интернетте халықты осындай заңсыз ішімдіктермен улап жатқаны туралы біршама видео бар. Біз заңсыз әрекет етушілермен күресуіміз керек. Мұнда 0,5 бөтелкенің бағасы 500 теңге тұрады. Лицензияланған алкоголь бір жарым-екі мың теңгеден сатылады. Адамдар арзан алкогольді ішеді, бірақ емделу үшін одан да көп ақша төлейді», - деді «Дала қырандары» ҚБ үйлестірушісі Асхат Ділмұхамедов.

«Дала қырандары» тек алкогольді ішімдіктерге ғана емес, қазақстандықтардың өміріне қауіп төндіретін насыбай, есірткі және басқа да заттарды сату орындарын анықтайды. Бірлестік бағытына азаматтарға зияны тиетін өнімдердің барлығы кіреді.

«Біздің мақсатымыз полицияға мұндай дүкендердің бар екенін көрсету. Біз олардың көмекшісіміз. Біз заңсыз ішімдіктерді сататын дүкендерді анықтаймыз. Сосын полицияға хабарлаймыз. Әрі қарай бұл іспен құзырлы органдар айналысады», - деді «Дала қырандары» ҚБ үйлестірушісі Нұрхат Ораз.

Айта кетейік, «Дала Қырандары» бірлестігі 2023 жылдың желтоқсан айында Астана қаласының «Байқоңыр» ауданында азаматтық бақылауды ұйымдастырған еді. Нәтижесінде, ақпан айындағы соңғы рейд кезінде Биші қайың көшесі, 1-үй мекен-жайында орналасқан «Айша» дүкенінен 170 литрден астам қолдан жасалған алкоголь ішімдік табылды. Оқиға орнына шақыртылған құқық қорғау органдары адам денсаулығына зиянды өнімді тәркіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары