Суицидке жеткізу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жамбыл облысына қарасты Жасөркен ауылында өз-өзін атып өлтірген полицейдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта суицидке әкелу ісі бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ақпаратты Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
«Суицидке жеткізу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету және барлық мән-жайларды анықтау мақсатында қажетті тергеу-жедел іс-шаралары жүзеге асырылуда», – деп айтылған хабарламада.
Алдын ала дерек бойынша 2003 жылы туған полиция қызметкері 12 ақпан күні кешкі 18:15-те Жасөркен ауылынджағы бекетте өз-өзіне оқ атқан. Оқиға орнына Полиция департаментінің басшылығы аттанған.
Сондай-ақ, Жамбыл облыстық полиция департаменті Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне қатысты өзге ақпараттың жарияланбайтынын мәлімдеді.