Әлеуметтік желіде жүргізушінің үш бірдей адамды аяусыз көлікпен басып өткен сәтінде түсірілген видео тарады. Аталған видеоны Думан Жұмаділов есімді желі қолдаунышысы желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz агенттігі.
«Алматы қаласында түнде көлікті қару ретінде пайдаланған төбелес болды. Оқыс оқиға Бостандық ауданындағы Гагарин-Дружба көшелерінің қиылысында таңғы сағат төрт кезінде болды», - деп жазды желі қолданушысы.
Кадрлардан бір топ адамның екі көлік иелерімен сөзге келіп қалғанын көруге болады. Ақ көліктегі жүргізуші төбелеске қатысушылардың бірін басып кете жаздайды. Ал артында келе жатқан иномарка үш ер адамды әдейілеп қағып өтті. Ер адамдардың бірі автомобильдің бірінің нөмірін қолға ұстап тұрды.
«Аталған факті сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімінде ҚР қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша тіркелді. Олар – ҚР ҚК 345-баптың 2-бөлігі, 347-бап және 293-бап.
Болған территориясына байланысты аталған істі Бостандық аудандық полиция басқармасы мен полиция департаментінің тергеу басқармасы қарастырып жатыр. Күдіктілердің кім екені белгілі болды. Дәл қазір күдіктілерді ұстау және көліктерін тартып алуға байланысты кешенді жедел және тергеу шаралары жүріп жатыр», - деді Алматы қаласы полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек.