$ 494.87  520.65  4.91

Өгей әкесі соққыға жыққан 2 жасар сәби жансақтау бөлімінде жатыр (ВИДЕО)

Қылмысын бірден мойындаған күдікті, сәби ұялы телефон сұрап жылап қоймаған соң оны тыныштандырмақ болғанын айтып ақталған.

Алматыда өгей әке екі жасар баласын өлімші етіп ұрып тастады. Сәбиді есінен таңғанша соққыға жыққан соқталдай ер адам, оны «ойнап жүріп құлап қалды» деп ауруханалардың біріне апарып тастаған. Денесінің сау тамтығы қалмаған бала қазір өлім аузында жатыр. Ал тырнақтай баланы тепкінің астына алған өгей әке қамауда. Сұмдық жайтқа смартфон себеп болған, деп хабарлады КТК арнасы.

Қылмысын бірден мойындаған күдікті, сәби ұялы телефон сұрап жылап қоймаған соң оны тыныштандырмақ болғанын айтып ақталған.  

Бұрынғы күйеулерінен екі ұлы бар әйел бұл үйде күдіктімен сарай жалдап тұрып жатқан екен. Қаладағы көлік жуу орталықтарының бірінде жұмысшы боп істейтін еркек сол күні ішімдік ішіп, үйінде қалып қойған. Оның орнына жұмысқа келіншектің өзі кетіпті. Балаларға бас-көз боп қалған өгей әке кішісін өлімші етіп ұрып тастаған.                   

Небәрі екі жастағы баланы үйінен сүйреп шығарған өгей әке көше бойынан бастап, ана дүкенге дейін оны оңдырмай ұрып барған екен. Бірақ көршілердің ешқайсысы баланың шыңғырған даусын естімеген. Дәл сол уақытта жұмыста болған әйелдің туыстары осыған ашынады. Екі жастағы сәбиге ешкімнің араша түспегеніне. Айтуларынша, өзінің өгей ұлына қол көтерген 34 жастағы еркек денелі, жұдырығы да жуан. 

Ал сұмдық жайтқа смартфон себеп болған көрінеді. Бастапқыда, баланың өзі ойнап жүріп құлап қалды деген өгей әкесі, ақыры ұлы телефон сұрап, жылап қоймаған соң таяқпен тыныштандырмақ болғанын мойындаған. Шынашақтай баланы жұбатпақ болған еркектің жауыздығы жаға ұстатты. Соққыдан сәбидің сау жері жоқ. Басы жарылып жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Дәрігерлер оны әкесі тастап кеткен ауруханадан жедел орталыққа өздері жеткізіп, дереу ота жасапты. Аппаратпен ғана тыныстап жатқан баланың «тірі қалуы екіталай» деп отыр мамандар. 

«Бала жасанды өкпе желденуімен жансақтау бөлімшесінде жатыр. Баланың жағдайы өте нашар. Өміріне қауіп төніп тұр», - деді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігері орынбасары Дінмұхамед Руззидинов.

Қамаудағы өгей әке Шымкент қаласының тумасы екен. «Қарақшылық» бабымен бұған дейін екі мәрте сотталып шыққан ол кінәсін бірден мойындады.     

«Кінәсін мойындап, осы баланың ауыр халде жатқандығына қатысым бар деп толығымен мойындады», - деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жұдырығы жуан өгей әке қазір қамауда. Жақын күндері бостандыққа шықпасы анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары