Шымкентте кісі өлген дәмханада жұмыс істеп жатқан криминалистердің видеосы барап кетті. Ал Шымкент дәмханасында оқ боратқандар әлі табылған жоқ, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Бүгінде бытырадан жараланғандардың екеуінің жағдайы ауыр. Қанды қылмыс орнында түсірілген эксклюзивті бейнекадрларда криминалистердің жұмыс істеу сәті таспаланған. Кадрде мамандар оқ жарақатынан жан тапсырған жігіттің мәйітіне сараптама жасау үстінде.
Бытыра 28 жастағы азаматтың кеуде тұсына шашырай тиіпті. Қанға боялған шағын бөлмеде полицейлер жедел түсірілім жасап жатыр. Бұдан бөлек, әуесқой түсірілім де жүріп жатқаны байқалады.
«Оқиға орнынан әлеуметтік желілерге тарап кеткен видеоға қатысты қызметтік тексеріс жүргізілуде», - дейді Шымкент қаласы Полиция департаментінің басқарма басшысы Әсел Сәденова.
Еске сала кетсек, қанды қылмыс сейсенбі күні Шымкентегі «Сүндет» дәмханасында болды. Тамақтану орнына сырттан кірген адам көздеген адамдарына оқ жаудырған болатын. Төрт адамға оқ тиіп, біреуі сол жерде жан тапсырған. Қылмыс орнынан айғақты зат ретінде автокөліктер мен қарулар алынды.