$ 445.66  474.58  4.78

Ыстық сорпаны ақтаулық балабақша күтушісі бүлдіршіннің үстіне төкті

Терісі тартылып әбден қиналған Каринаның сол кездегі жағдайы жүрек сыздатады. Алғашында Каринаның жүріп-тұруы да мұң болыпты. Анасы жұмысына салғырт қараған балабақша қызметкерлерін кінәлап отыр.
фото: pixabay.com
фото: pixabay.com

 Ақтауда балабақшада күйіп қалған жеті жасар қыздың анасы қалалық білім басқармасымен соттасып жатыр. Ол баласының үстіне ыстық сорпа төгіп алған мектепке дейінгі мекеменің қызметкерлері тиісті жазасын алмай, жайбарақат жүргеніне наразы.

Оқыс жағдай наурыз айында Ақтаудағы балабақшалардың бірінде болған. Жеті жасар Каринаның оңбай күйген сәті бейнебақылау камерасына жазылған. Ас бөлмеге жүгіріп кірген қыздың үстіне күтуші әйел ыстық сорпаны төгіп алған. Салдарынан бүлдіршіннің денесінің 30 пайызын күйік шалған. Терісі тартылып әбден қиналған Каринаның сол кездегі жағдайы жүрек сыздатады.

Алғашында Каринаның жүріп-тұруы да мұң болыпты. Анасы жұмысына салғырт қараған балабақша қызметкерлерін кінәлап отыр. "Мектепке дейінгі мекемеде балалардың қауіпсіздігі мүлдем сақталмаған", - дейді  зәбірленуші бүлдіршіннің анасы.

"Біз барғанда баланың үсті-басы сорпа болды. Ешкім жедел жәрдем шақырмаған. Киімдерін бірден шешкені ақылға қонымсыз. Алғашқы медициналық көмек мүлдем көрсетілмеген. Қызым жанұшыра айғалап жатса да, тәрбиеші алаңсыз жүр. Өйткені ол саңырау екен. Жасы 72-де. Мұндай адамды қалай жұмысқа алуға болады?", - дейді Каринаның анасы Сәния Есқалиева.

Баласын уайымдаған Сәния тоғыз айдан бері талай аурухана табалдырығын тоздырыпты. Ақтаудан білікті маман тапағанын айтты. Кейін қызын Нұр-Сұлтан қаласына апарып, бірнеше ота жасатқан. Қазір қыздың жағдайы қалыпты. Бірақ денесінде күйіктің іздері әлі бар. Қызының қиналғанын еске алған ана көзіне еріксіз жас алды.

"Қызыма 40 екпе салды. Қиналғанын көріп, жанымды қоярға жер таппадым. Балабақша директоры бір ай өткен соң бізді ұмытты. Қызым әлі өз-өзіне келген жоқ. Әбден шошып қалған. Бұл жағдай басқаларға да сабақ болуы тиіс", - деп атап өтті Сәния Есқалиева,

Ал қалалық білім басқармасындағылар балабақшаның бірқатар қызметкерін жұмыстан шығарғанын айтады. Ал баланың ем-домына мектепке дейінгі мекеменің ұжымы 600 мың теңге жинап беріпті.

"Осы жағдайдан кейін біз балабақшада қызметтік тексеріс жүргіздік. Тәрбиеші мен директордан түсініктеме алдық. Аталған балабақшаның тәрбиешісі, оның көмекшісі мен медбике жұмыстан босатылды", - деп түсіндірді Ақтау қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Ақмарал Байшаханова.

Дегенмен, Сәния қалалық білім басқармасын сотқа берген. Оқиғаға қатысты алғашқы сот процесі де басталды. Каринаның анасы кінәлілер тиісті жазасын алмайынша, соңына дейін күресемін деп отыр. Қыздың еміне кеткен қаражатты ол толық көлемде өндіріп алмақшы.

 Дереккөз: KTK

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары