Нұр-Сұлтанда 6 сынып оқушысы өзінің кимоно белбеуіне асылып өлді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Туыстарының айтуынша, 12 жастағы оқушы мектептен соң кешкі ас ішуден бас тартып, ерте ұйқыға кеткен. Ал таңертең оның өлі екені анықталды.
Сыныптастары бір күн бұрын оның мектептегі құрбысы үшін өзгелермен тірескенін айтты. Дөрекі сөздердің марқұмның намысына тигенін, сол үшін төбелеске ұмтылғанын куәгерлер баяндап берді.
«Хат та, жазба да қалдырмады. Бұған дейін ол ешкімге ештеңе айтқан жоқ. Біреу оған: «Қызыңды қорғай алмайтының бар, несіне джиу-джитсумен айналысып жүрсің?» деп айтыпты», - дейді марқұмның әпкесі Динара.
Ер бала өзінің кимоно белбеуінен ілмек жасап, бөлмесінде өмірімен қош айтысыпты. Әпкесінің сөзіне сенсек, ол мектепте құрдастарымен бірнеше рет жанжалдасқан көрінеді.
«Соңғы 4 жыл ішінде ол төбелеске бейім болды. Бізді мектепке бірнеше рет шақыртып, соңында түсінісіп, олай жасаған дұрыс еместігін айттық, шешімін тапқандай болдық. Төбелескен балалардың аналары да өзара бір шешімге келуге ұмтылды», - дейді қайтыс болған оқушының әпкесі.
Сыныптастары құрдасының төбелеске жақын болмағанын еске алады. Оқушы қайтыс болатын күні ешқандай төбелеске ұрынбаған. Өмірімен қоштасатын күні ол мектептен жақсы көңіл-күймен қайтқан.
Ол - №15 мектеп-гимназияның оқушысы. Мұғалімдер оны үлгілі және қабілетті оқушы ретінде сипаттайды. Олардың айтуынша, жасөспірім суицидке бейім емес.
"Оның үстінен ешқандай шағым түспеген. Ата-ана тарапынан да, өзінен де. Тіпті, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары мен сынып жетекшісі де оның үлгілі оқушы екенін айтып тұр. Тентектік жасамаған, ешкімді ренжітпеген", - дейді Нұр-Сұлтан қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлім Жүсіпова.
Тағы бір ақпаратқа сүйенсек, жасөспірім өлер алдында хат жазып қалдырған көрінеді. Бірақ, полиция бұл фактіге қатысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.
«Кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылған жерде ПД жедел-тергеу тобы жұмыс істеді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деп мәлімдеді Нұр-Сұлтан қалалық ПД өкілі Сәуле Қалиева.