Жедел-іздестіру шаралары барысында Сарыарқа аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері автокөлік ұрлаған күдіктілерді ұстады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы елорданың ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көлік иесі полицияға ВАЗ-2114 көлігін ұрлап кеткені туралы хабарлаған.
Таңғы сағат 06.00-де көшеде тұрған көлік ұрланған. Видеобақылау камерасынан ұрылардың көлікке оңай кіріп, қыздыра алмағанын, бірақ 2 ер адамның көлікті бірнеше метрге дейін итеріп, оны қыздырып, оқиға орнынан қашып кеткенін көруге болады.
Полицияның мәліметінше, көлікке оңай кіруге дабыл беретін құрылғының болмауы көмектескен.
Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілер ұсталды. Жауап алу кезінде олар көлік ұрлағанын мойындады.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Құрметті автокөлік иелері, ұрлықтың алдын алу және көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Нұр-Сұлтанның полиция бөлімі автомобиль иелеріне дабыл қондырғысын орнатып, автокөліктерді қауіпсіз тұраққа қоюды ұсынады.