09.01.2020, 15:00

Қаскелеңдегі жарылыстан 2 адам көз жұмды: зардап шеккендер ауруханада

Әбден қорқып қалған бүтін бір көпқабатты үйдің тұрғындарын жергілікті әкімдік уақытша қонақ үйге орналастырды.

Алматы облысында көпқабатты үйде газ жарылып, соның салдарынан 10 жастағы оқушы оқиға орнында, ал 82 жасар әже жансақтау бөлімінде көз жұмды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап. 

Төтенше жағдайдан тағы алты адам жарақат алған. Алғашқы дереккөзде қайтыс болған баланың жасы 11-де деп берілген болатын.

"Үш баланың жағдайы қазір орташа ауыр. Үлкендердің біреуі ауыр халде түсті. Кейіннен қайтыс болды. Барлық медициналық көмек көрсетілді", - деп мәлімдеді Қарасай аудандық орталық аурухананың дәрігері Жамбыл Бердәлиев.

Оқыс оқиға Қаскелең қаласындағы тұрғын үйдің бесінші қабатында болған. Жарылыстың қатты болғаны сонша, бірден төрт пәтер бүлініпті. Есік-терезелердің де күл-талқаны шығып, үйлердің арасын жалғайтын қабырғалар опырылып түскен. Жан-жаққа ұшқан терезе сынықтары есік алдындағы тұрған көліктерге де зақым келтіріпті. Әбден қорқып қалған бүтін бір көпқабатты үйдің тұрғындарын жергілікті әкімдік уақытша қонақ үйге орналастырды. Қазір жарылыстың нақты себебін анықтау үшін мамандар газ құбырларын тегіс тексеріп жатыр.

"Көпқабатты үйде газ беру тоқтатылды. Қазір арнайы комиссия құрылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал зардап шеккен пәтерлердің барлығын біз жөндеп береміз", - деді Қарасай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрдәулет Тәліпов.